Карантинде мүгедектігі бар қазақстандықтар ақпараттық вакуумда қалды - депутат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Пандемия карантині кезінде мүгедектігі бар қазақстандықтар ақпараттық вакуумда қалды. Оған сандық технология мүмкіндіктерін емін-еркін пайдалана алмауы себеп болды. Сенатор Ләззат Қалтаева өзінің депутаттық сауалында мүгедектігі бар адамдар тап болып жүрген қиындықтар туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың бұл тобы ақпаратты тиісті деңгейде ала алмауымен қоса, әлеуметтік көмек пен қызметтерді, оның ішінде өнімдер мен дәрі-дәрмектерді жеткізуге онлайн тапсырыс бере алмады.

«Мүгедек адамдарды ақпаратпен, цифрлық ресурстармен және сервистермен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы стандарттарды қайта қарау қажеттігі бар. Күн тәртібінде тұрғанына көп уақыт болса да, «Баспа ақпаратында жарияланған шығармаларды көру қабілеті бұзылған немесе басқа да мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қабылдауды жеңілдету туралы» Марракеш келісіміне қол қойылған жоқ. Мәдени, білім беру және ғылыми ресурстардан мәлімет алуға мүмкіндік беретін осы шартқа қол қою, сондай-ақ аудиодескрипцияны енгізу – көру қабілеті бұзылған қазақстандықтардың көптен бергі сұранысы болып отыр», - деді сенатор Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Осы орайда, Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдарға арналған цифрлық ресурстар мен сервистерді қамтамасыз ету стандарттарын қайта қарау, төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету арналарымен қамтамасыз етуге қатысты мүгедек адамдарға ыңғайлы ақпарат тарату түрлерін ескере отырып шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

«Қазіргі уақытта Үкімет Әлеуметтік кодексті әзірлеп жатыр. Бұл мүгедектігі бар қазақстандықтардың ақпарат алу құқығына қатысты аса маңызды және көптен күткен өзгерістерді енгізудің ең қолайлы уақыты деп есептейміз», - деді депутат Л. Қалтаева.


Соңғы жаңалықтар