Карантинде Қазақстанның тау-кен компаниялары құлдыраған жоқ – Қауымдастық пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец тау-кен өндіру саласының қазіргі ахуалын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қиын жағдайда тұрақтылықты сақтап қана қоймай, кей жерлерде өндірісті де арттыра алдық. Бізде құлдырау жоқ. Өндіріс үздіксіз жүретіндіктен, айтарлықтай қиын жағдайға тап болдық. Біз Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының жедел штабында үздіксіз жұмыс істедік, санэпидемиологиялық шаралардың қатаң сақталуын, олардың толық көлемде жүргізілуін талап ететін жағдайларда кәсіпорындарға көмектестік. Әрине, қиын болды, аймақтар, елдімекендер жабылды, стандарттан тыс әрекет етуге тура келді. Индустрия министрлігіне, Үкіметке осындай шешімдерді тапқаны үшін ризамыз, өйткені біз вахтада жүрген қызметкерлерді тестілеуден өткізе алдық», - деп атап өтті Николай Радостовец «Қазақстанның тау-кен саласының жаңа жағдайы» онлайн конференциясында.

Сонымен бірге, спикер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болған сала қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Бүгін бірқатар келісімшарттарымыздың Еуропаға бағыт алғанын көріп отырмыз. Бұл тек пандемиямен ғана емес, көмірді әкелуге енгізілген шектеулерге де байланысты. Сондықтан Ресей металл мен шикізаттың кейбір түрлерін азырақ ала бастады. Жазда бұл мәселе өте өзекті болды және біз өз кәсіпорындарымызды, яғни көлемнің бір бөлігін Қытайға бағыттадық. Әсіресе Достық - Алашанькоу бағытындағы тасымал қиын болды, онда вагондар мен локомотивтер кептелісі болды. Бірақ, ҚТЖ ұлттық компаниясы өте жедел жұмыс істеді және көмектесе алды», - деді Н. Радостовец.

Бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қарабаев тау-кен өндіру компанияларының коронавирус пандемиясында қалай жұмыс істегенін айтып берді.


Соңғы жаңалықтар