Карантин жеңілдеді: Қостанайлық оқушылар үйірмелер мен қосымша сабақтарға бара алады

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанай облысында карантин шараларының жеңілдеуімен білім беру ұйымдарының жұмысына рұқсат етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігі жанындағы жедел штабқа сілтеме жасап.

Қостанай облысында карантин режимін кезең-кезеңімен жеңілдету туралы өңірдің бас санитар дәрігері қаулы қабылдаған болатын.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарының жұмысына да өзгеріс енді. 2021 жылғы 8 ақпаннан бастап арнайы, мамандандырылған мектептердің, ерекше білім алуына қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттардың (оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған), жалпы үлгідегі мектеп-интернаттардың, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қызметіне рұқсат берілді.

«180 адамға дейінгі контингенті бар мектептерде ата-аналарының өтініші бойынша мектепалды және 1-4 сыныптар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Сыныптарда 15-ке дейін ғана балалар қабылданады. Қалған сыныптар қашықтан білім алады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері тек қашықтан оқытылады. Білім беру орталықтарының, түзету, оңалту және бейімдеу кабинеттерінің (орталықтарының) қызметіне алдын ала жазылу бойынша рұқсат беріледі. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы жұмысын жалғастырады», делінген қаулы мәтінінде.

Қостанайлық оқушылар 8-ші ақпаннан бастап үйірмелер мен қосымша сабақтарға баруға мүмкіндік алды. Бірақ топтарда келушілер саны 15 адамнан аспауы тиіс. Жұмыс режимі 9:00-ден 20:00-ге дейін белгіленді. Олардың жұмысы жексенбі және мереке күндері тоқтатылады.


Соңғы жаңалықтар