Карантин жағдайында елорда әуежайы қалай жұмыс істеп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елде COVID-19 індетінің таралуына байланысты енгізілген карантиндік шаралар барлық салаға, соның ішінде әуе қатынасына да әсерін тигізді. Бүгінде елордадағы халықаралық әуежай қалай жұмыс істеуде, санитарлық талаптар сақталуда ма, осы және өзге де мәселелер бойынша ҚазАқпарат тілшісіне «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратов айтып берді.

«Пандемия біздің жұмысымызға кері әсерін тигізді. Бізде 2 мыңнан астам қызметкер бар. Әр қызметкер өз отбасының асыраушысы. Яғни елде карантиндік жағдай енгізілгеннен кейін, кейбір әуе рейстері жабылса, кейбірінің саны қысқартылды. Жалпы бізде орындалатын барлық әуе рейстері 50-70 пайызға дейін қысқартылды, дегенмен елорда әуежайы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Нақтырақ айтқанда, адам тасымалын тоқтатып, азайтқанымызбен, есесіне жүк тасымалын арттырдық. Бұл орайда Нұр-Сұлтан қаласы Еуропа мен Азияны жалғастырушы басты әуе транзиті», - деді Ғ. Тәжімұратов.

Оның айтуынша, белгілі бір елге немесе қалаға әуе рейстерін қысқарту, тоқтату сол жердегі індеттік жағдайға байланысты жүзеге асырылады.

«Жолаушылардан ПТР тестін талап ету алғаш енгізілгенде әрбір әуе рейсінде 50 шақты адамның тиісті анықтамасы болмай шығатын. Уақыт өте келе адамдар түсінді және талапқа бағынуда. Қазір 1 рейстен әрі кеткенде 1-2 адам ПТР тесті анықтамасынсыз ұшу жағдайы анықталады. Оның үстіне бізде де және шетелде де жолаушыны ПТР тест анықтамасынсыз ұшаққа отырғызбау талабы қойылды. Сондай-ақ, жолаушыларды ынталандыру мақсатында «ең тәртіпті рейстерді« анықтап, өзгелерге үлгі ететін болдық. Соңғы уақытта санитарлық талаптарды бұзушы қатарындағы жолаушылар азайып келеді. Дегенмен тәртіпке бағынғысы келмейтін жолаушылар да жоқ емес. Олармен құзырлы орган мамандары айналысады. Біздің міндет барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - дейді ол.

Әуежай басшысының сөзіне сенсек, әуежайда күніне бірнеше рет рейд жасалып, санитарлық жағдай қадағаланады.

«Әрбір өзін сыйлайтын адам, ортақ ережеге бағыну қажет. Бізде санитарлық талаптардың барлығы көрсетіліп тұр. Яғни жолаушы ПТР тест анықтамасымен ұшуға, арақашықтықты сақтауға, маска тағуға және басқа да талаптарды орындауға міндетті», - деді Ғ. Тәжімұратов.

Одан бөлек, басқарма төрағасы елорда әуежайында жолаушылардың дене қызуын өлшейтін жаңа смарт-шлемнің сынақтан өтіп жатқандығы туралы мәлім етті.

«COVID-19 індетінің алдын алу бойынша жүзеге асырылып жатқан жаңа дүниенің бірі әуежайда адамдардың температурасын тексеретін тепловизоры бар смарт-шлем сынақтан өткізілуде. Шлем 5 метр қашықтықтағы дене қызуы жоғары адамды бірден анықтап, оның жақындап келе жатқанын дабыл арқылы білдіреді. Жаңа құрылғы әзірге пилоттық жоба ретінде тексерілуде. Сынақтан сәтті өтсе, алдағы уақытта қолданысқа енгізетін боламыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар