Карантин: Велосипедті пайдаланатын астаналықтар саны өскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел азаматтарының қауіпсіздігін сақтау мақсатында енгізілген карантин режимінің басқа қырынан да пайдасы бар болып шықты. Атап айтқанда, елордада қоғамдық көліктердің тоқтатылуына байланысты астаналықтар жиі серуендейтін болған және велосипедпен жүруге көшкен. Бұл туралы CTS (City Transportation Systems) ШЖС-нің қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Оксана Лоскутова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап қаладағы қоғамдық велосипед қызметі біздің компанияның қарамағына көшті. Ендігі мақсатымыз - қала тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы көлік түрінің қолжетімділігін арттыру. 13 мамырда қала бойынша 50 станса және онда 200 велосипед болды. Бүгінгі күні елордада 155 стансада 833 велосипед бар. Алдағы уақытта тағы 17 велосипедпен толығатын болады»- деді Оксана Лоскутова.

Оның айтуынша, биыл елорда тұрғындары мен қонақтары арасында велосипедке деген сұраныс айтарлықтай артқан.

«Елордада алғаш велошеринг қызметі 2014 жылы қолға алынды, биыл жетінші маусым. Әрине пайдаланушылар жылдан жылға көбейіп келеді. Оны күнделікті тіркелушілер санынан байқауға болады. Карантиннің алғашқы сәтінде велосипедті күнделікті 100-ге жуық адам тіркеліп қолданса, қазір пайдаланушылар саны 13 мыңға жуықтады. Бұл дегеніміз күніне 3 мыңнан аса адам пайдаланады деген сөз. Жалпы биыл астаналықтар арасында велосипедке деген сұраныс жоғары. Оның үстіне, қоғамдық көлік тоқтап тұрған кезде көп адам екі дөңгелекті көлік құралына көшті. Осы орайда айта кетсек, тұтынушылар велосипед стансасы мен велосипедке қатысты мәліметтермен velobike.kz сайтынан таныса алады. Алдағы уақытта мобильдік қосымша қызметін қосу мәселесін де қарастырып жатырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, CTS өкілі қоғамдық велосипедті пайдаланудың ережелерімен таныстырып өтті.

«Велосипедті қолданудың талаптарын барлық тұтынушылар бірдей орындай бермейді. Яғни жол жүру ережесін сақтамайды немесе білмейді. Осы орайда біз өз әлеуметтік желілердегі парақшамыз арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз және тұтынушыларды ортақ мүлікті ұқыпты ұстауға шақырамыз. Одан бөлек, мамандарымыз велосипед стансаларын аралап, бұзылған велосипедтерді жөндеп отырады. Бұл тұрғыда бейнебақылау камерасын орнату меселесі қаралуда. Сол сияқты біз ұсынатын велоқызметті 16 жастан бастап пайдалануға болатынын да ескерткім келеді. Тағы бір мәселе, көп азаматтарымыз жолдан өткен кезде велосипедтен түспейді, ал жол ережесіне сай велосипедтен түсіп, жаяу жүріп өтуі керек», - дейді маман.

Одан бөлек, аталған ұйымның қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі велосипед тұтынушыларын қандай мәселе жиі мазалайтынын айтты.

«Бізге велосипед стансаларына қатысты көптеген сұрақтар келіп түседі. Олардың барлығын қарастырып, соның нәтижесінде қаладағы кейбір стансаларды ауыстыру керектігі анықталды. Жиі келіп түсетін сұрақтардың бірі тұрғындар велосипедті тұраққа қоя алмай көп бөгелетіндіктерін айтады. Иә, жүйе өте сезімтал, пайдаланушы велосипедті дұрыс қоймаса, жалдау мерзімі аяқталмайды, тиісінше қолданушы берешек болып қалады. Ондай техникалық ақау орын алған жағдайда біздің мамандарға хабарласып, мәселені кедергісіз шешуге болады», - деді О. Лоскутова.


Соңғы жаңалықтар