Карантин талаптарын әлі де ұстану керек – Санат Көшкімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев Қазақстанда алдағы уақытта да карантин талаптарын сақтау маңыздылығы жөнінде пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің елдің билігінің шешімімен қабылданған нақты шаралар, атап айтқанда төтенше жағдай режимі мен карантиннің енгізілуі – елде коронавирус инфекциясының таралуына едәуір шектеу қоя білді. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында атап өткендей «эпидемия толығымен жеңілген жоқ, азаматтардың әлі де болса денсаулығына қауіп төніп тұр». Сол себепті карантин шектеуінің кезең-кезеңмен алынуы ойға қонымды қадам», - дейді Санат Көшкімбаев.

Сарапшы Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы азамат 13 наурызда тіркелгенін, осыдан кейін үш күн өткен соң елде төтенше жағдай жарияланғанын еске салды.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда әлемде коронавирус инфекциясының таралуы пандемия сипатына өткенін мәлімдеп, мемлекеттердің үкіметтерін «шұғыл әрі агрессивті шараларды» қабылдауға шақырған еді. 16 наурыздан бастап 11 мамырға дейін Қазақстанда төтенше жағдай режимі күшінде болды. Ал 19 наурыздан бастап алдымен елордада, содан кейін Алматыда карантин шаралары күшіне ене бастады. Осы қадамдардың бәрі де қолда бар ресурстарды мобизизациялап, қауіпті азайтуға септігін тигізді», - дейді ол.

Санат Көшкімбаев бұл ретте ел билігі қабылдаған шектеу шараларының бәрі де қазақстандықтардың қолдауына ие болғанын мәлім етті. Оның пайымына сүйенсек, елдегі шектеу шараларының арқасында Қазақстан коронавирустың шарықтау шегін барынша аз шығынмен қарсы алған. Ал мәселен әлемнің бірқатар елінде, атап айтқанда АҚШ, Италия, Ұлыбритания, Испания елдерінде коронавирус инфекциясы бой бермейтін сипатқа ие болып кеткен. Мәселен 17,5 миллион тұрғыны бір ғана Нидерланды елінде коронавирус жұқтырғандардың саны 42 мыңнан асып кеткен. 5,4 мың адам көз жұмған. Оған көршілес жатқан 11,5 миллион тұрғыны бар Бельгияда 53 мың адам ауруды жұқтырып, 13,5 мың адам бақилық болған.

«Сол себепті төтенше жағдай режимінің 11 мамырда аяқталуы – карантин шараларының алынып тасталғанын білдірмейді. Елде және әлемде санитарлық дағдарыс әлі де күшінде. Карантин шараларының бәрін ары қарай да ұстанған абзал. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, маска тағып, жұмыс орындарында дезинфекция жүргізіп, себепсіз үйден шықпау керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяның тәжірибесі көрсетіп отырғандай карантин шараларын бір кісідей сақтасақ, коронавирус пандемиясын барынша аз шығынмен өткереміз. Қауіптің бетін қайтаратын басқа тиімді амал жоқ. Тиісінше біздің азаматтар сабырға төр беріп, шектеу шараларын сақтауы тиіс», - деп түйді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар