Карантин шаралары кәсіпкерлерге қалай әсер етті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға ұшырағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бастапқыдан бизнестің пульсін сезіну үшін анкета жасау тәсілін енгіздік. Бүгінгі күнге дейін 40 мың адам жүгінді. Елімізде 1,6 млн адамның бизнесі қызмет көрсету, туризм, мейрамханалар мен дәмханалар желісімен байланысты. Елімізде 856 мың жеке кәсіпкер бар. Миллионға жуық микробизнес өкілдері, 1168 ірі бизнес субъектілері бар. Бес мыңнан астам орта бизнес, екі мыңнан астам шағын бизнес бар. Яғни, жалпы есеппен бір миллион субъект карантин салдарынан зардап шекті», - деді А. Мырзахметов онлайн сұхбат барысында.

Өтінімдердің 85 пайызы табысынан айырылған шағын және орта бизнес өкілдерінен түскен.

«Микробизнестің 50 пайызы қызметкерлерін демалысқа жіберуге мәжбүр болғанын жазды. 20 пайызының жоспары бұзылып, жұмысшыларын қысқартуға жібереді. Микробизнес жалдау құнын төлеу, салық, несие мәселелерін көтерді. Банк жүйесінде 20 мың заңды тұлғаның несиесі бар. 14-15 мыңға жуық кәсіпкер несиені кейінге қалдыруға өтінім беріп, 86 пайызының өтініші мақұлданды. Алғашқы апталарда түсіністік танытпады деген шағымдар болды. Бірақ, кейінірек бәрі жолға қойылды. Мұндағы басты мәселе - сұраныс дағдарысы. Бұл барлық бизнеске қатысты. Сұраныстың қаншалықты төмендегенін бағалау өте маңызды болып отыр», - деді спикер.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан өте жылдам көмек көрсетілді.

«Мемлекет қолдау көрсету бойынша бірден іске кірісті. Экономикаға біраз кедергі болса да, індеттің алдын алуда шапшаң қимылдады. Мұның барлығы ақталды, өйткені халықтың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Салық бойынша жеңілдіктер бірден қарастырылды. Шағын және орта бизнестің артық қаражаты жоқ еді. Әрине, ең алдымен соларға көмек қажет болды», - деді А. Мырзахметов.


Соңғы жаңалықтар