Карантин: Психоаналитик үйде отырған қазақстандықтарға бірқатар кеңес берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин кезінде үйде отырған адамдар не себепті зерігеді? Мұндай кезде уақытты қалай тиімді пайдалану керек және үйде отырғысы келмейтін ата-әжелерімізге қалай қолдау көрсетуге болады? Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

- Анна ханым, бүгінде мынадай үрдіс байқалып отыр. Әлеуметтік желіде жұмыстан жалыққанын, ешкімді көрмей, кездеспей, үйде оңаша отырғысы келетінін жазатындар бар еді. Дәл сол адамдар пандемия басталғалы үйге сыймай отырғандарын айтып жатыр. Мұндай қарама-қайшылықты психоаналитика тұрғысынан қалай түсіндіруге болады?

- Бұл сұраққа қатысты жауап берген кезде балалық шаққа саяхат жасаудан бастаймыз.

Зерігу – жан дүниеңнің бір күйі. Кішкентай бала «Анашым, зерігіп кеттім», «Әке, ішім пысып кетті» деп айтқан кезде анасы мен әкесі баланың көңілін көтеруге тырысады. Балабақша, мектептегі қызметкерлер де бала зерігіп кетпесі үшін қолдан келгенді жасайды. Егер сіз зеріккен күйде болсаңыз, бір шаңырақ астында тұрып жатқан отбасы мүшелеріне, достарыңызға ішіңіз пысқанын айтып, мазалай бастайсыз. Бұл – бейсаналы түрде «Менің көңілімді көтер» дегенді білдіреді. Негізінде 3-6 жас аралығындағы бала, бәрі дұрыс болса – зерігу күйін сезінбейді. Анда-санда іші пысқанын айтқанмен, бірер сәттен кейін ойы басқа жаққа ауып, ойнап кетеді.

Біз баламызды кішкентай кезінен бастап өз-өзімен болуға үйретуіміз керек. Сонда баланың өз көңілін өзі көтере алатын қабілеті ашылады. Ойыншықтарымен оңаша ойнап отыра алатын бала, есейген кезде идея генераторы болады және өмірдің әр сәтінің бағасын біледі. Даму жолының барлық кезеңін дұрыс өткен адам оңаша қалудан қорықпайды және оның міндетті түрде хоббиі болады.

Бала кезіңізде хоббиіңіз болды ма? Қазіргі кезде хоббиіңіз бар ма? Хоббиі бар адамдар әр сәтке қуана біледі және қолда барға шүкіршілік ете алады. Олар үйде отырған кезде кітап оқу, фильм көру, кесте тігу және басқа да ермек тауып алады және отбасымен бірге болу мүмкіндігі үшін қуана алады. Хоббиіңізбен айналысып қана қоймай, сол хоббиіңізді табыс көзіне айналдыруға болады. Мысалы, менің жұмысым – менің ең жақсы көретін хоббиім. Қарынның қамы үшін ғана жұмысқа барудан артық бақытсыздық жоқ.

- Жаның нені қалайтынын, үйде немен айналысуға болатынын қалай түсінуге болады?

- Бала кезден армандаған үш тілегіңізді есіңізге түсіріңіз және ол не үшін әлі күнге дейін орындалмағаны туралы ойлаңыз. Ол үлкен немесе кішкентай тілек болуы мүмкін. «33-ке келіп қалған ұлым үйленсе ғой» деген тілек – сізге қатысты тілек емес. Ұлыңыз қашан үйленетінін өзі шешеді. Сіз тек өзіңізге қатысты қалауларыңызды еске түсіруіңіз керек. Мысалы, маған бірнеше жыл бұрын қатерлі ісік дертіне шалдыққан ер адам келді. Оның емі сәтті жүріп жатса да, денсаулығына қатысты шағымы көп болған екен. Онкологтар оған психологиялық көмек қажет екенін түсініп, маған жіберген. Мен одан бала кезден орындалмай келе жатқан үш тілегі туралы сұрап едім, ол шетелге жиі баратынын, тілектерінің бәрін орындап тастағанын айтты. Одан кейін сәл ойланып тұрды да, жылап жіберді. 90-жылдары Adidas спорттық киімі сәнді еді. Әлгі ер адамның ата-анасы оған сол киімді алып беруге жағдайы болмапты. Ол ержетіп, кәсіпкер болып кеткен соң костюмдердің түр-түрін алған, бірақ Adidas алу ойына келмепті. Мен оған дәл сол брендтің спорттық киімін алып, киюі керек деген тапсырма бердім. Тапсырмамды орындаған кезде ол бақытты күйде болды. Осы сияқты елеусіз қалған тілектеріңізді еске түсіріңіз. Мүмкін көптен бері оқылмай қалған кітабыңыз бар шығар? Мүмкін домбыра шертуді үйренгіңіз келетін шығар? Мүмкін көптен бері хабарласуға уақыт таппаған құрбыңыз бар шығар? Сол құрбыңызға видео арқылы хабарласып, жақсы естеліктерді еске түсірсеңіздер болады.

- Қазір жұрттың барлығы үйде отыр. Осы кезде шығармашылық қабілеттердің ашыла бастауы мүмкін бе?

- Әлеуметтік желілерден коронавирусқа қатысты қаншама күлкілі анекдот, өлең жолдары мен ән естуге болады. Осыған қатысты қаншама сурет, мемдер бар. Сізге осылай көңіл-күй сыйлап отырған дәл өзіңіздей адамдар емес пе? Қазір өзіңді шығармашылық тұрғыда жетілдіруге ең қолайлы кезең. Әлдекім «Коронавирус туралы кім үздік өнер көрсетеді?» деген тапсырма беріп, сол тақырыпта әлемдегі адамдарды сайыстырып қойғандай. Ал әзілсіз айтар болсақ, зерігу – күйзеліске түсудің белгісі. Зерігіп кеткен адам қуаты біткелі тұрған ұялы телефонға ұқсайды. Оны қуаттайтын құрал әр адамның өз ішінде. Зерігу күйзеліс сипатына ие болған жағдайда ұйқыны қандырып, ағзаны қалыпқа келтіріп, одан кейін барып қуат алуға көшу керек. Ең алдымен, сіздегі зерігу сезімі уақытша құбылыс немесе созылмалы күйзеліс екенін түсініп алыңыз.

- Ата-әжелерімізге үйден шығуға болмайтынын, оларды ренжітіп алмай, қалай түсіндіруге болады?

- Коронавирус адам бойында үрей тудырады. Сондықтан да кейбір ата-әжелер оның бар екенін мойындамай, ол туралы тыңдағысы да келмейді. Коронавирус проблемасын мойындамағандықтан қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартып, өзіңе ұрсып тастауы мүмкін. Сізге олардың ойымен санасып, тіл табысуға тура келеді. Олармен ойын ойнап, материалдық тұрғыда ынталандыруыңызға болады. Мысалы, егер далаға шықпасаңыз – осындай сыйақы, егер қонаққа бармасаңыз – одан көбірек, ал үй ішінде қауіпсіздік шараларын сақтап жүрсеңіз – тіптен көп сыйақы беретініңізді айтып, ынталандыруыңыз керек. Бір үйде тұрғанмен, жиі шаң сүртіп, терезені ашып, мүмкіндігінше әр бөлмеде болуға тырысыңыздар. Ал тіптен түсінбей, далаға шығуға ұмтылатын болса «Ата, әже, сіздер біз үшін өте қымбатсыздар. Далада қазір өте қауіпті, денсаулықтарыңызға зиян келтіріп алам ба деп қорқамын. Сәл шыдайықшы» деп сабырмен түсіндіру керек.

- «Түбінде өлетін болсаң – әр нәрседен қауіптенудің қажеті не? Өмірдің мәні не?» деп ойлайтындарға не айтуға болады?

- Жақсы хоббиі, айқын мақсаты бар, бақытты адамдар «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақты ойламайды. Өмірдің мәні – жақсы көретін жандардың қасында болу, сүйікті ісіңмен айналысу, жүрегің махаббатқа толы болу. Егер сізді өмірдің мәні не екені толғандырса, өмірдің мәнін қашан жоғалтып алғаныңыз туралы ойланыңыз. Мысалы, кішкентай балалар ешқашан бұл сұрақ туралы ойламайды. Олар сүрініп қалса да, құлап қалса да қайта тұрып – ары қарай жүре береді. «Өмірімнің мәні – балаларымда» деп ойлау – дұрыс емес. Әркімнің өмірінің мәні өзіне ғана қатысты болады. Өзіңізден қалай өмір сүргіңіз келетіні, қандай жағдайда өмір сүргіңіз келетіні туралы сұрап көріңіз және солай болуы үшін әрекет етіңіз.

- Қытайда карантин кезінде ажырасқандар саны артқаны туралы ақпарат бар. Бір шаңырақ астында бірге уақыт өткізген кезде ерлі-зайыптылардың арасы не себепті алшақтап кетуі мүмкін? Осындай жағдайда жүрген отбасыларға қандай кеңес айтасыз?

- «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды», бірақ дәл осындай жағдайда ажырасу туралы ойдан аулақ болыңыз. Осындай кезде асығыс шешім қабылдап қойсаңыз – кейін өкінесіз. Мысалы, ашу үстінде ауызға келгенді айтып, жақын адамның жанын жаралап алуыңыз мүмкін. Ажырасуға кез келген уақытта үлгересіз, бірақ дәл қазір асығыстық танытпаңыз. Егер үй жағдайындағы карантин кезінде жарыңызға, әкеңізге, анаңызға, ағаңызға, бауырыңызға немесе қарындасыңызға ашуланып жүрген болсаңыз – аузыңызды ашпаңыз. Ауыз – өзіңіздікі, сол себепті сіз екі ерніңізді бір-біріне қабыстырып, аузыңызды жауып жүре аласыз. Қатты ашу қысқан кезде үш минут үнсіз қалуға тырысыңыз, оған күшіңіз жетсе үш сағат, одан кейін үш күн, тіпті үш аптадан үш айға дейін өзіңізді ұстай біліңіз. Үш ай өткен соң ашу үстінде айтқыңыз келген сөздердің қаншалықты мәнсіз, мағынасы жоқ екенін түсінесіз. Ажырасудың көбі ашуланған кездегі алғашқы үш минутта айтылған сөздердің кесірінен болады.

- Коронавирус туралы жаңалықтар көрген сайын бойын үрей билейтін адамдарға қандай кеңес айтасыз?

- Мен жоғары сыныпта оқып жүрген кезден-ақ теледидар көруді қойғанмын. Бірде біздің сынып жетекшіміз оқушылардан кеше кім теледидар көргенін сұрады. Бәріміз қол көтердік. Ол қандай бағдарлама, қандай телехикая көретінімізді сұрап еді – бәріміз бір бағдарлама, бір телехикая көреді екенбіз. Сонда мұғаліміміз «Бәрің бірдей бағдарлама көрсеңдер, осы отырған 37 оқушының басындағы ақпарат бірдей ме? Бәрің инкубатордан шықтыңдар ма? Ал кім кеше классикалық музыка тыңдады? Кім мектеп бағдарламасынан бөлек кітап оқыды?» деп сұрады. Оның бұл сөздері маған өте қатты әсер етті. Себебі мен көппен бірдей болғым келмейтінін түсіндім. Мен көп кітап оқи бастадым. Қазір айналысып жүрген психоаналитиканың өзін көбі түсінбейді, бірақ бұл сала өзім үшін қызық. Ал жаңалықтар оқыған кезде бойын қорқыныш билейтін адамға айтарым: тілшілер де – адам. Оларға да рейтинг керек, оларға да жалақы керек. Мысалы, олар 300-ден астам адам коронавирус жұқтырып, оның 18-і жазылғаны туралы жаңалық берсе, сіз жазылып кеткен 18 адам үшін қуаныңыз. Мен елімізде бұл дерттен адамдар жазылып жатқаны туралы ақпарат оқыған кезде қуанып, ол туралы жаңалықты туыстарыма, достарыма жібердім. Себебі әр адамда үміт болуы керек. Қытай коронавирусты жеңгені туралы жаңалық оқысаңыз – қуаныңыз. Олар жеңсе, біз де жеңеміз деген сөз. Әр нәрсенің қайыры бар.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар