Карантин: Мереке күндері Алматыда мыңнан астам нысан тексерілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін 21 наурыздан бастап енгізілген күшейтілген шектеу шараларының сақталуын бақылау жөніндегі мониторинг топтарының жұмысы бойынша онлайн форматта кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес барысында аудандық мониторинг топтардың, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және жергілікті полиция қызметі басшыларының антиковидтік шараларды бұзу фактілерін жедел анықтау және жолын кесу алгоритмін сақтау бойынша баяндамалары тыңдалды.

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин аудан әкімдіктері жанындағы мониторинг топтардың басшылары ұсынған материалдар бойынша 21-24 наурыз аралығында 92 тексеру жүргізіліп, 1080 нысан қамтылғанын, оның 233-іне белгіленген жұмыс режимінің бұзылғаны және эпидемияға қарсы талаптардың сақталмағанын хабарлады.

Сонымен қатар, 29 бұзушылық 24 наурыздан 25 наурызға қараған түнгі тексеру барысында анықталды. Мәселен, 233 кәсіпкерлік объектісіне 230 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, карантин шараларын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 772 хаттама толтырылды.

Ержан Бабақұмаров санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұзу салдарынан жұқтыру оқиғаларының өсуі жалғасып жатқан аудандарда мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Алматы «қызыл аймақта» тұр. Өткен тәулікте қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 341адам анықталды. Мектеп жасына дейінгі балалар арасында аурушаңдықтың 3 есеге (тәулігіне - 17 жұқтыру жағдайы) және онлайн оқытудағы оқушылар арасында - 4 есеге (28 жағдай) өскені байқалады. Ата-аналарға алдын алу шараларының маңыздылығы туралы балалармен түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылады.

Бұрынғысынша тәуекел тобында - 65 жастан асқан және созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға мүмкіндігінше үйлерінен шықпауға кеңес беріледі. Сонымен қатар, 20-29 жас аралығындағы адамдар арасында инфекцияның өсуі байқалды.Талдау көрсеткендей, қоғамдық мекемелерден басқа, жеке секторда адамдардың топтасуы көбейгені байқалады - отбасылық іс-шаралардан, үйлену тойларынан, еске алулардан және үйдегі тойлардан жұқтыру жағдайларын тіркеу жалғасуда.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын жауапкершілікпен қарауға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға және қатыспауға шақырады. Кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау және бетперде кию маңызды.

Еске салсақ, карантиндік шараларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар