Карантин кезінде той тойлап жүрген шымкенттік полиция басшылары жазаланды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде шымкенттік полиция қызметкерлерінің тойда жүргені түсірілген видео жарияланды. Кейіннен бұл тойдың 12 маусым күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы демалыс аймағының бірінде өткені анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіге тараған көріністе қыз ұзату тойына келген қонақтардың дастархан басында отырғаны, суретке түскені және билеп жүрген кезі түсіп қалған. Сондай-ақ, «Құрметті министр мырза! Бұл қалай болғаны? Полиция қызметкерлеріне коронавирус жұқпай ма? Әлде карантин жүрмей ме? Төлеби ауданындағы тау бөктерінде бірқатар атқамінер полиция қызметкерлері жұмысты қойып, карантинге қарамай той тойлауда. Оның бірі - полиция оқу орталығының бастығы Тілеубердиев, Шымкент қаласы полиция күзет бастығы Пірметов, Шымкент қаласы басқарма бастығы Омаров және тағы басқа полицейлер бар. Осы видеоны көріп, өзіңіз дұрыс баға берер деп ойлаймын» деп жазылған.

Бұл видео бойынша Шымкент қалалық ПД тиісті тексеру жүргізген.

«Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Тексеру барысында той 12 маусым күні Түркістан облысы Төлеби ауданындағы демалыс аймағында карантин кезінде ұйымдастырылғаны белгілі болды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаментінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерінің бірі, сондай-ақ оқу орталығының және өңірлік мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастықтары қатысқан. Тойға қатысқан барлық лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшінің этикалық кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды» делінген хабарламада.

Ал, той өткізген демалыс аймағына әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұл салынған. Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Төлеби аудандық сотына жолданған.

«Бейнетүсірілімді зерделеу барысында Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бұзылғаны анықталды. Санитар дәрігерлер демалыс аймағының әкімшілігіне қатысты ҚР ӘҚБК 462-бабы 3-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Қонақтармен және іс-шараны ұйымдастырушылармен санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгіме өткізілді» делінген полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін шымкенттік тағы бір полицей Мақтаарал ауданында өткен 20 жылдық басқосуға қатысқаны үшін жазаланған болатын.


Соңғы жаңалықтар