Карантин кезінде мүгедектікті айқындау қалай жүзеге аспақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов карантин кезінде мүгедектердің мәртебесі қалай айқындалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығымен Төтенше жағдай кезеңінде мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны және еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайында әлеуметтік төлемді жүзеге асыру тәртібінің ерекшеліктері белгіленді. Төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсету «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы электрондық өтініш негізінде жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан да медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барудың қажеті жоқ, мемлекеттік қызмет сырттай жүргізіледі», - деді Айдынжан Нарматов.

Сонымен қатар, ол төтенше жағдай кезеңінде мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындауда мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің ерекшеліктерін атады.

«Мүгедектікті немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес куәландырылатын адамды мүгедектік белгіленген күннен бастап алты ай ішінде бақылап, тексеріп, бір жылдан аспайтын мерзімге сырттай жүргізеді. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдың ішінде және төтенше жағдай уақытында келген адамдарға мүгедектіктің, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері төтенше жағдай орын алған кезеңде автоматты түрде ұзартылады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алушылар болып табылатын адамдарға төтенше жағдай кезеңінде төлемдер бұдан бұрын белгіленген мүгедектік тобына және (немесе) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне сәйкес төтенше жағдай режімі аяқталған айды қоса алғанға дейін төленеді», - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы.

Мұның алдында спикер Алматыда 589 мыңнан асатын адамның зейнетақы мен жәрдемақысына үстемеақы қосылатынын айтқан болатын.



Соңғы жаңалықтар