Карантин кезінде ЛГБТ қауымдастығына мүше жасөспірімдер саны артқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ЛГБТ ресми қауымдастық болғанмен, оған жасөспірімдерді тартуға құқылары жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында «Өзіңді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз 2011 жылы әр интернет қолданушы анонимді түрде хабарлама жаза алатын веб-сайт аштық. Онда хабарламаларды оқығаннан кейін тиісті шара қолданамыз. Кибербуллинг дегенді 2011 жылдан бері білеміз», - дейді «Қазақстанның интернет қауымдастығы» ЗТБ президенті Шавкат Сабиров.

Оның айтуынша, аталған веб-сайтқа 2011-2019 жыл аралығында 19045 хабарлама келген.

«Осыншама хабарлама нәтижесінде сараптама, қорытынды жасауға болады. Коронавирус індеті, карантин жағдайында еліміздегі барлық тұрғын, соның ішінде жасөспірімдермен қоса онлайн желіде отырды. Әлеуметтік желі әңгімелесу құралы ғана емес, ол адамға қауіп төндіруі де мүмкін. Мысалы, алаяқтық, кибербулинг», - дейді ол.

Шавкат Сабировтың айтуынша, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде ата-аналар тарапынан көптеген арыз-шағым түскен.

«Бастапқыда балалар әлеуметтік желі арқылы бір-бірімен әзілдессе, ары қарай ол бір-бірін ызаландыруға ұласады. Ең соңында экран артында отырған адам қылмыскер болып шықса, ол баланы бопсалауға кіріседі. Карантин кезінде еліміздегі жасөспірімдер ЛГБТ қауымдастығына кіре бастағанын байқадық. ЛГБТ ресми қауымдастық болғанмен, оған жасөспірімдерді тартуға құқылары жоқ. Біз құқық қорғау органдарымен жұмыс істегісі келмейтін ата-аналарға да көмек көрсетеміз. Жобада тек қоғам белсенділері ғана жұмыс істейді. Мемлекет қоғам белсенділеріне теріс қарамауы керек, себебі мұндай үлкен мәселені қоғам белсенділері өз күштерімен ғана шеше алмайды», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар