Карантин кезінде Алматыда 75 мың субъекті салықтан босатылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин онлайн-брифинг барысында ШОБ субьектілеріне қандай қолдау көрсетілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 1 сәуірден бастап экономиканың неғұрлым зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес субъектілері еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да міндетті төлемдерден босатылған еді.

Атап айтқанда, биыл туризм, қоғамдық тамақтану және қонақ үй қызметтері саласындағы бизнес үшін, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын адамдар үшін, биыл 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін шағын және орта бизнес үшін барлық салық түрлері бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдыру, еңбекақы төлеу қорына байланысты салықтар мен басқа да әлеуметтік төлемдер тоқтатылды.

Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының мәліметінше, карантин кезінде 75 мың кәсіпкерлік субъекті 23,5 млрд теңге салық төлеуден босатылған.

Ал субьектілердің 127,3 млрд теңге борышын кейінге шегеру ұсынылды.

«Төтенше жағдай режимі кезінде Алматы әкімдігі ірі сауда нысандары мен кәсіпорындардың иелерімен қызметін тоқтатқан кәсіпкерлерден жалдау ақысын алуды тоқтатты. Айта кету керек, жалға берушілердің көпшілігі төлем жүргізуді тоқтатып, халық жағдайын түсіністікпен қабылдады», - деді Е.Оразалин.

ТЖ және карантин режимі кезінде ірі сауда объектілерінің меншік иелері 36 717 адамнан жалдау ақысын алуды тоқтатты.

«Жалпы, жыл соңына дейін мемлекеттік меншік нысандарының 1111 кәсіпкері 376 млн теңге сомасында жалға беруден босатылды», - деді ол.

Басқарма басшысы қаржылық қолдауға яғни жеңілдетілген несиелеу мәселелеріне жеке тоқталды.

«Бизнесті қолдау бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар ШОБ субъектілерін қолдайды. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы - 2025« бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Кредит беру сомасы 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Салалық шектеулер алынып тасталып, кәсіпкерлер үшін ставканы 6% деңгейінде біріздендіру шаралары қабылданды. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында, республикалық бюджеттен қосымша 3,9 млрд теңге бөлінді», - деп түсіндірді Е. Оразалин.

Бүгінгі таңда жалпы құны 54,6 млрд теңге 245 жобаға қолдау көрсетілді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның бюджеті 2 млрд теңгені құрайды. Құны 513 млн теңге болатын 34 жоба жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында 6% бойынша 100-ден астам жоба несиемен қамтамасыз етіледі. «Almaty Business-2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасына соманы 300-ден 500 миллион теңгеге дейін ұлғайту, сыйақы мөлшерлемесін жылдық 7% - дан 6% - ға дейін азайту секілді өзгерістер енгізілді. Осы бағдарламаның бюджеті - 12,3 млрд теңге. Оның ішінде фармацевтикалық компанияларды кредиттеу үшін бөлінген қаржы - 5 млрд теңге. Бүгінгі таңда 5,9 млрд теңгеге 46 жоба қаржыландырылып, 1 млрд теңгеге 13 жоба мақұлданды«, - деді ол.

»Қарапайым заттар экономикасы« бағдарламасы аясында құны 89,4 млрд теңге болатын 50 жоба қаржыландырылып, мақұлданды.

АӨК дамыту бағдарламасы шеңберінде тамақ өнеркәсібін қолдау үшін 4,5 млрд теңге бөлінді.


Соңғы жаңалықтар