Карантин кезінде Ақтөбеде қалып қойған Молдова азаматтары еліне оралды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Карантин кезінде Ақтөбеде қалып қойған Молдованың төрт азаматы Отанына оралды. Полиция олардың құжаттарын қайта рәсімдеуге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Індет өршіген кезде Молдованың төрт азаматы Ақтөбеде қалып қойып, өз Отанына бара алмады. Екеуінде төлқұжатының жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Қазақстан мен Молдова бір-бірімен шектеспегендіктен, Ресей шекарасынан өту қиынға соқты.

«Біз адамдарға құқықтық кеңес беріп, құжаттандыру жұмыстарына көмектесеміз. Қиын жағдайға тап болғандарды назардан тыс қалдырмаймыз. Көші-қон қызметтері орталығында мигранттарға, шетелдік азаматтарға тұрақты түрде кеңес беріп, полиция қызметкерлерімен өзара іс-қимыл және проблемалық мәселелерді талқылаймыз. Індет кезінде мигранттарға оңай емес. Көмектесіп, бар жағдайы жасалды»,- деді Ақтөбе қаласындағы «Дәріс» ақпараттық-консультативтік орталығының директоры Гүлнұра Идигеева.

Молдова азаматтары үшін сертификат рәсімделді. Нұр-Сұлтан қаласына билет сатып алынды. Жол шығынын Молдова халықаралық көші-қон ұйымы төлейтін болды. Тіпті ПТР тест тапсыруға мүмкіндік берілді.

Полиция департаментінің мәліметінше, 2020 жылдың 10 айында Ақтөбе облысында құқықтық мәртебесі реттелмеген 111 адам анықталып, құжат берілді.

«Адамдар түрлі жағдайды бастан өткереді. Жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы жәрдемақы мен зейнетақы ресімдеу, кепілдік берілген мемлекеттік және медициналық қызметтерді алу құқығынан айырады. Ресми жұмысқа орналасу құқығынан айырылады. Көбінесе құжаттарды қалпына келтіру жолдарын және оларға кім көмектесе алатындығын білмейді. Ол үшін алдымен көші-қон басқармасының жүгінген жөн», - дейді облыстық көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Сапар Амантаев.


Соңғы жаңалықтар