Карантин: Қазақстанда ЖОО-лардың жұмысы қалай ұйымдастырылады
2022 жылғы 17 қаңтар 13:50

Карантин: Қазақстанда ЖОО-лардың жұмысы қалай ұйымдастырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елде эпиджағдайдың нашарлауына байланысты колледж және ЖОО студенттерінің оқу форматы өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Білім алушылардың жалпы контингенті 620 мыңнан астам адамды құрайды. Жоғары оқу орындарында көктемгі семестр 24 қаңтарда басталады. Бұл ретте жоғары оқу орындары каскадтық әдісті қолдана алады. Яғни студенттердің шоғырлануын барынша азайту үшін білім беру процесін оқу курсы мен бағыттарына байланысты 24 қаңтар мен 6 ақпан аралығында кезең-кезеңімен ұйымдастыруға болады. Мысалы, 1 курс студенттері үшін оқу 24 қаңтарда басталса, 2 курс студенттері 31 қаңтардан, 3-4 курс студенттері үшін 7 ақпаннан бастап деген секілді», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, студенттер үшін көктемгі семестр аралас форматта болады. Яғни, дәстүрлі және қашықтан.

«Жоғары оқу орнының шешімі бойынша оқу процесі толығымен дәстүрлі форматта немесе аралас форматта ұйымдастырылуы мүмкін. Айтар болсақ, дәрістер онлайн, ал практикалық және семинар, зертханалық сабақтарды офлайн режимде өткізуге болады. Студенттердің практикасын да дәстүрлі форматта ұйымдастыруға болады», - дейді ол.

Бұған дейін департамент басшысы студенттер елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ма деген сауалға жауап берген еді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT