Карантин ерте ме, кеш пе аяқталады, өмір өз арнасына түседі - Сапарбаев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтың ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың карантин жағдайындағы іс-әрекеттері және халықпен кері байланыс орнатуға қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, ағымдағы жылдың үш айында облыс бойынша 114,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптегі өнім көлемінің индексі 97,9 пайызды құраған. Экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне «Қазфосфат» ЖШС зауытындағы пештің және Тараз бен Меркі қант зауыттары жұмыстарының тоқтауы әсер еткен.

Бюджет кірісіндегі көрсеткіштер де ойдағыдай емес. Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының хабарламасында көрсетілгендей, жергілікті бюджеттің шығындары 3,195 миллиард теңгені құрайды.

- Карантин ерте ме, кеш пе аяқталады. Өмір ағымы өз арнасына түседі. Сондықтан бүгінгі жағдайды тиімді пайдаланып, көрсеткіштерді қалпына келтіруге тырысу керек. Ең алдымен, жергілікті жерлердегі ахуалдың нақты көрінісіне мұқият талдау жасап алу маңызды. Бүгін не істеу керекпіз, ертең не істей аламыз? Шағын кәсіп пен халықты қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға айрықша назар аудару қажет. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан ауқымды қаражат қарастырылуда. Оны ұтымды ұқсата білейік. Бұл орайдағы жобалар өңір экономикасына жұмыс жасап, тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етуі тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өз орынбасарлары мен басқарма басшыларын «Еврохим» ЖШС, Амангелді мұнай өңдеу зауыты сияқты ірі кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.

Өңірдің кейбір орта және шағын кәсіпорындарының тоқтап тұруына қатысты өзекті мәселелердің оңынан шешілуіне қол жеткізу қажет. Өз кезегінде кәсіпорын басшылары жұмысшыларына қамқорлық жасауы тиіс. Жалақыны арттыру мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр. Сондай-ақ, инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыра түсу керек.

Бердібек Сапарбаев облыста балалар және спорт алаңдарын салу үшін «Самұрық-Қазына» қорынан қаржы бөлінгенін атап өтті. Олардың құрылысы Тараз қаласының Қаратау шағынауданында, сондай-ақ Байзақ ауданының Сарыкемер және Қордай ауданының Масаншы ауылдарында жүргізілмек. Бұл орайда жергілікті әкімдіктер бөлінген қаражатты тиімді пайдаланғаны абзал.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға карантиндік тәртіптің талаптары мен шарттарын қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, ол жауапты тұлғалардың назарын коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы шептегі медицина қызметкерлері, полиция және басқа да мамандар үшін тиісті жағдайлар жасау керектігіне аударды.


Соңғы жаңалықтар