Карантин электр стансаларын дер уақытында жөндеуге кедергі келтірді – Нұрлан Ноғаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы жалғасуда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен сенімді жабдықтау мақсатында энергетикалық кәсіпорындардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы жалғасуда. Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр стансаларындағы 5 энергоблок, 31 қазан, 22 турбина жөнделді. Ал 3 энергоблок, 28 қазан мен 22 турбинаны жөндеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Аталған электр стансаларындағы жөндеу жұмыстары биылғы жылыту маусымының уақтылы басталуына әсер етпейді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жөндеу жұмыстарын кешіктіру, негізінен, төтенше жағдай мен карантин кезеңінде шетелден қосалқы бөлшектерді жеткізу кідірісімен және жөндеу жүргізетін мамандардың басқа елдерден Қазақстан Республикасының аумағына келуіне қойылған шектеулермен байланысты болды.

«Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 828 шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 439 бірлік жоғары вольтты кіші стансаларды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 25 152 шақырым электр беру желілері мен 428 кіші станса жөнделді. Бұл жылдық жоспардың 97 пайызын құрайды. Электр желілерін жөндеу бекітілген кестелерге сәйкес аяқталуы жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша 457 орталықтандырылған жылумен жабдықтау қазандықтарын жылыту маусымына дайындық үшін 1149 қазанның 1132-сі жөнделді. Бұл жылдық жоспардың 98,5 пайызын құрайды», - деді Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар