Карантин: Биылғы үш айда 12,1 мың адам уақытша жұмыссыз қалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы бірінші тоқсанда карантиндік шектеулерге байланысты 12 мыңнан астам адам уақытша жұмысынан айырылды. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылғы I тоқсанда республикада жұмыспен қамтылғандар саны 8,8 млн адамды құрады. Оның ішінде 6,7 млн адам немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,3% жалдамалы қызметте еңбек етеді.

Жұмыссыздар саны 451 мың 300 адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі – 4,9%.

Ақпаратқа сәйкес, биылғы I тоқсанда еңбек нарығына коронавирусқа байланысты енгізілген карантиндік шаралар әсер еткен. 2020 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда, жұмыс көлемінің төмендеуінен (толық емес жұмыс күні) немесе жұмыс берушінің бастамасына байланысты еңбекпен аз сағат қамтылғандар саны 7% артты немесе 259 мың 400 адамды құрады.

Кәсіпорын қызметінің тоқтауына байланысты уақытша жұмыс істемейтіндер саны 12 мың 100 адамды құрады. Оның ішінде 40,9% - сауда қызметкерлері, 13,1% - көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлері, 6,9% - көлік және жинақтау, 5,8 - білім беру салаларында.

2021 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны – 215 мың адам. Тіркелген жұмыссыздар үлесі жұмыс күші санының 2,3% құрайды.


Соңғы жаңалықтар