Карантин: Бірқатар кәсіпкердің жұмысына уақытша тыйым салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда соты карантин режимін жиі бұзған 36 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына уақытша тыйым салды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 1 қаңтары мен 14 ақпаны аралығында сотқа 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 52 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Олар: «Сова», «Janym Soul» караоке-бары «Alanya» түнгі клубы, «Эхо» бары, «Золото» мейрамханасы, «Stories» лаундж-бары, «Текила» дәмхана-бары, «Respawn» компьютерлік клубы», - деді бас санитарлық дәрігер елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында.

Оның дерегінше, сот 36 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 6 млн теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар аталған нысандардың жұмысына 1айдан 3 айға дейін тыйым салынды.

«Мәселен, «Janym Soul» караоке-барына 70 АЕК айыппұлмен 1 айға, «Alanya» түнгі клубы 100 АЕК-пен 3 айға жұмысы тоқтатылды. «Текила» караоке-барына 170-200 АЕК мөлшерінде 4 әкімшілік айыппұл салынды және 1 ай жұмыс істей алмайды. «Золота» мейрамханасы да жұмысын бір айға тоқтатты және 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. «Respawn» компьютерлік клуб 5 АЕК айыппұл төлеп, 2 ай жұмыс істей алмайды. «Ақ қайың» саунасына да 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі. Оның да жұмысына 1 айға тыйым салынды», - деді Сархат Бейсенова.

Бас санитарлық дәрігердің атап өтуінше, сот ұйғарымын орындау үшін 13 кәсіпкерлік субъектісінің есіктері мөрленген. Сонмен қатар «Текила» караоке-бары мен «Alanya» түнгі клубына электр энергиясы мен су беру тоқтатылған.


Соңғы жаңалықтар