Карантин: Атырауда 1600 рейдтік тексеріс жүргізген

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Атырауға 6-9 қазан аралығында шетелден 5 әуе рейісі ұшып келген.

«Ыстанбұл, Анталия және Амстердамнан жеткен ұшақтармен 408 жолаушы келді. Олардың 67-сінде COVID-19 -ға ПТР-тест қорытындысы болмағандықтан карантиндік стационарларға жатқызылды. Жолаушылардан коронавирус жұқпасына сынама алынып, зертханаға жолданды. Сынамалар теріс нәтиже көрсеті, ешқайсысынан қауіпті инфекция анықталмады. Содан соң жолаушылар үйлеріне жіберілді» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Атырау қаласы мен аудандарда құрылған 114 мобильдік топ карантиндік талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіп, рейд жұмыстарын күшейтті. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын орындау мақсатында 5 шілде-9 қазан аралығында мобильдік топ 1600 рейдтік тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 653 материал бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке, сонымен қатар, жеке тұлғаларға 463 әкімшілік іс қозғалып, 66 млн 794 мың теңгеге айыппұл салынған.

Сонымен қатар, азық-түлік дүкендері, тамақтану орындары, КЖО тәрізді 139 заңды тұлғаларға 55 млн 592 мың 590 теңге айыппұл салынған. Карантиндік талапарды бұзу бойынша 190 материал қаралуда.

Атырау облысында кәсіпкерлік нысандарына карантиндік режимнен соң рұқсат беру үшін комиссия құрылған болатын. «InfoKazakhstan» порталы арқылы 9783 өтініш түссе, оның 8899 хабарламалық сипатта болса, 883 өтініш тексерілуде. 130 өтініш қанағаттандырылды. Күні бүгінге 9028 нысан өз жұмысын қайта жандандырды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда карантиндік шектеу ұзартылған болатын.



Соңғы жаңалықтар