Қараңғыда сәуле шашатын Көккесене құпиясы қашан ашылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қазақ халқының хас батыры атанған Алпамыстың асыл жары - Гүлбаршынның мәңгілік мекеніне айналған көне нысан орын тепкен. Алайда Бейімбет Майлин жазып кеткен Көккесене 1930 жылдардан кейін жермен-жексен болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Алпамыс батыр жайында айтылатын аңыздарда оның жұбайы Гүлбаршын жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Алайда Гүлбаршынның қай жерде дүние салғандығына қатысты түрлі жорамалдар бар. Жаңақорған ауданы аумағындағы Төменарық елді мекеніне жақын орналасқан Көккесене сол Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекені деген дерек айтылып жүр. Көптеген деректерде оның әкесі - Қармыс бай қазіргі Жаңақорған ауданы аумағында орын тепкен Өзгент ауылы маңындағы елді мекенмен аттас көне шаһарда билік құрғаны айтылады.

Көккесене өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін жеткен. Қаншама ғасыр тұрған мәдени ескерткіштің жауын-шашын, жел және өзге де табиғи құбылыстар салдарынан қабырғасы мүжілді. Жарамсыз күйге түсті. Осындай немқұрайдылық салдарынан ол жермен-жексен болды. Қирап қалғанын ел көрді.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Бейімбет Майлин Көккесене жайлы тасқа басылған тұщымды еңбектерін қалдырып кеткен. «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Мәдениет мұралары» деген мақаласында қабырғалы қаламгер тарихи ескерткішті қорғауға байланысты өз көзқарасын білдірген. Дегенмен сол кезде оған құлақ асқан ешкім болмады. Күтімсіз қалған кесене біржола құлап тынды.


Жаңақорғандық журналист-жазушы Адырбек Сопыбеков Көккесене туралы біршама деректер келтіріп өткен еді. Ол ауданның шежіресі басылған «Жаңарған Жаңақорған» кітабында академик Әлкей Марғұланның еңбектерінде айтылған Баршынкент жайлы айтты. «Көптеген зерттеулерде Баршынкент Сырдарияның оң жағасына қоныс тепкені айтылады. Көккесене де соған таяу жерде болған деушілер де бар. Бұл әңгіме шындыққа жанасатын секілді. Гүлбаршын сұлу бақилыққа аттанғанда, оны елсіз далаға апарып жерлеген жоқ. Қала маңындағы қорымның біріне жерлеген. Демек, Баршынкент пен Көккесененің арасы онша қашық болмаған секілді. Сондықтан әйгілі кесенені Гүлбаршын сұлудың мәңгілік мекеніне айналған қасиетті орын деп санасақ, артық емес», - деген еді марқұм Адырбек ағамыз.

Сондай-ақ жергілікті тұрғын Сейдан Нұрлыбеков кесене жайында кейінгі ұрпаққа қызықты мағлұматтар келтіріп өткен. Ол кісі өзінің көзімен көрген бірқатар жайларды ауылдастарына әңгімелеп берген. 1930 жылдары қазіргі Қожамберді батыр аталатын елді мекеннің аты Қандыарал болған екен. Ағамыз сол кезде ауылдағы төртжылдық мектепте оқыған. Ұстазы Айтмұхан оларды Көккесенеге жиі алып баратын көрінеді.

«Бізге тарихи орын жайында қызықты сыр шертеді. Ұстазымыз айтқан мына бір әңгіме есімде қалыпты. Кесене құламай тұрғанда, түн ортасында ол жерден жарық көрінеді екен. Ол заманда шырақшы деген жоқ. Сонда бұл сәуле қайдан түсіп тұр? Жарықтың пайда болу себебі бар екен. Кесене кірпіштеріне түрлі химиялық қоспалар қосылған екен», - дейді ол.

Бұл сөздің жаны бар секілді. Бұл тұрғыда Якубовский, Каллаур секілді ғалымдар да жазған. Олардың пайымдауынша, кесене құрылысына жасыл түсті малахит пен азирут-жез қоспалары қосылған. Одан басқа да қоспалар бар. Олар түнгі уақытта сәуле шығарып тұратынға ұқсайды.

«Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, Перовск уезінің бастығы полковник В.Каллаур 1901 жылы жазда Көккесенені келіп зерттеген. Ол толтырған 2 желтоқсандағы  №6 хаттамаға қарағанда кесене күмбезінің ішкі жағында айнала жазылған арабша жазбаларды кеңсе қызметкері Жайлыбаев көшіріп алған, фототаспаны А.Уткин түсірген. Каллаурдың айтуынша, ғимараттың артқы бөлігінде сағана болған, еденнен төмен түсер ауызғы жағы тасқа толып бітеліп қалған. Сағана үстінен мұсылман әулиелерінің мазарларына тән жасаулы құлпытас орнатылыпты», - дейді тарих тақырыбында зерделі зерттеу жүргізіп жүрген жергілікті азамат Жасұзақ Аманбайұлы.

2017 жылдың желтоқсанында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы Төменарық ауылына бұрылатын жолда  «Гүлбаршын ана» ескерткіш-белгісі орнатылды. Жалпы, Көккесенеде құм басқан көп сыр жатыр. Өткенді тани білеміз десек, осындай киелі орындар жөнінде зерделі зерттеу жүргізгеніміз орынды болар еді.

  

Соңғы жаңалықтар