Қарамағындағылар пара алған Астана әділет департаментінің басшысы қызметінен босатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Рамазанов пен аталған департамент басқармасының басшысы Дәулетбаевтың пара алу фактісі бойынша осы департаментінің басшысы Әбілов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Елорда инфо.

«Астана қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Рамазанов пен аталған департамент басқармасының басшысы Дәулетбаевтың пара алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында елордалық Ұлттық бюро департаментінің ұсынысымен, Әділет министрлігі жауапты хатшысының бұйрығы бойынша Астана қалалық әділет департаментінің басшысы Әбілов қызметінен босатылды», - деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов брифинг барысында.

Сондай-ақ, ол елордадағы бірқатар шенеуніктердің жұмыстан босатылғанын мен жазаланғанын хабарлады.

«Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Базылбеков пен оның орынбасары Төремұратов қызметтік талапқа толық сай еместігі туралы ескерту алды. Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ұсынысымен ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Дұғалов, осы комитеттің Экономика, қаржы және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Умаров (комитетке 1,9 млрд теңге залал келтіру фактісі бойынша "ИНТЕРЭКС и Компания" ЖШС техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженеріне қатысты қылмыстық іс бойынша) қызметтерінен кетті», - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, антикоррупциялық қызмет қамқорлық жасау фактісі бойынша сотталған "Астана ЭКСПО-2017" бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің қылмыстық ісі бойынша құзіретті органдарға ұсыныс енгізді.

Естеріңізге сала кетсек, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынды және "Парасат" ордені қайтарып алынды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы прокуроры мен комитет басшысы Талғат Ермегияевке қамқорлығы үшін қызметтен қуылғанын хабарлаған болатынбыз. 

 
Соңғы жаңалықтар