Қаралы қаңтар: Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздіктің бейнехронологиясы жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде Талдықорғандағы тәртіпсіздіктің бейнехроникасы пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Видеоның басындағы кадрларда «5 қаңтар күні сағат 10.00-де Талдықорған қаласы полиция басқармасы ғимаратының алдына 200-ге жуық адам әкімшілік қамауға алынғандарды босату талабымен жиналды» деген жазу бар.

Одан кейінгі кадрда бұл сағат 14.30-дағы оқиғалар екені айтылады. «Талдықорған қаласы полиция басқармасы ғимаратынан шерушілерді ығыстыру» деп жазылған.

Видеодан оқиғаның біртіндеп ушыққанын көруге болады. Кадр бетіндегі жазу әртүрлі уақытта шамамен 3000 шерушінің полиция қызметкерлеріне шабуылдағанын айтады.

Одан кейінгі кадрларда Алматы облыстық әкімдігіне жасалған шабуыл көрсетілген.

Келесі кадрда қалың топтың әкімдік ғимаратына, әскери және полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап жатқаны көрсетіледі.

Тағы бір сәтте Алматы облысы әкімінің орынбасарын бірнеше адамның оқиға ортасынан қорғаштап, шығарып бара жатқанын көруге болады.

Полиция көліктерін төңкеру, қирату кадрлары алаңдағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін құлатқан сәтке ұласады.

Одан кейінгі кадрдың бетіндегі жазу «5 қаңтар, сағат 17.40» деп берілген. Бұл кезде Ұлттық қауіпсіздік комитеті депатаменті ғимаратына шабуыл жасалғаны айтылады.

«5 қаңтар сағат 19.48» деп таңбаланған кадрда Алматы облысы полиция департаментіне шабуыл жасалған сәттер көрсетілген.

«7 қаңтар сағат 11.37» деп белгіленген кадрға тергеу изоляторына қалай шабуыл жасалғаны түсіп қалған.

Видеодан шеп құрып алған бірнеше белгісіз адамның ғимаратқа оқ жаудырып жатқаны, жараланған жақтастарын құтқармақ болған әрекеттері көрінеді.


Соңғы жаңалықтар