Қаралы қаңтар біз үшін үлкен сабақ болды – Айдос Сарым

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаңтар күндері қазақ елі өзінің мемлекеттігінен, тәуелсіздігінен айрылып қала жаздады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаралы қаңтар оқиғалары біз үшін үлкен сабақ болды. Айналдырған үш-төрт күн санамызды дүр сілкіндіріп, қарапайым қағидалар мен мәңгілік құндылықтардың да әлсіз, қорғансыз екенін көрсетті. Таңертең ерте тұрып, үйіңе дүкеннен нан-сүт алып, аяңдап жұмысқа барып-келудің өзі зор бақыт екенін түсіндірді. Үйреншікті, мәңгі деп саналған өмірлік, тұрмыстық құбылыстар көз алдында ғайып болуы ғажап емес екенін ұқтырды. Пандемияға дейін «денсаулық – зор байлық» дейтін сөздер көпшілік үшін тойдағы жаттанды сөздер болып көрінсе, қазір олардың да қадіріне жете бастағандай едік. Қаңтар трагедиясы көпшілікті мезі қылған «аспанымыз ашық болғай», «еліміз аман болсын», «тыныштық», «тұрақтылық» деген ұғымдардың қуаты мен қажеттілігін анықтап берді. Шынын айтайықшы, қаңтар күндері қазақ елі өзінің мемлекеттігінен, тәуелсіздігінен айрылып қала жаздады. Осы трагедияны жоспарлаған, мемлекетті төңкергісі келгендердің діттеген сасық мақсаты мен пасық ойлары іске асқан болса, елімізде кейбір патриоттардың түсіне кірмеген антиутопия болар еді», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутат мемлекетті құруға, нығайтуға ондаған, жүздеген жылдар керек болса, оны ойрандау үшін бір аптаның, бір айдың өзі жеткілікті екенін көзімізбен көргенімізге назар аудартты.

«Көп жағдайда біздің жұрт кінәліні, жауаптыны тез-ақ таба салады. Өз өмірінің өзегіне өзінен өзгені кінәлі ету халқымыздың жаман қасиетіне айналып бара жатыр, өкінішке қарай. Мен болсам, дәл қазір, бүгін дәл осы мінберден барлығымызды терең ойлануға, түсінуге, түйсінуге шақырғым келіп отыр. Менің айтып отырғаным – тарихи, ұрпақ ретіндегі жауапкершілік пен мемлекетшілдік сана. Мойындайықшы, қаралы қаңтар күндері көпшілігіміз миссиямыз, міндетіміз, мансабымыз талап еткен жауапкершілкті көрсете білмедік! Жағынайын деп айтып отырғаным жоқ, шындық біреу - президентіміз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде тиісті тарихи шешімдерді қабылдамағанда «қайтсе де астанада қаламын, елмен бірге боламын» деп табандылық танытпағанда, біздер бүгін мына жиынды өткізіп отырмас едік. Шынын айтайық, бұндай тарихи шешімді президент Тоқаев жеке-дара қабылдады. Ең бастысы – сол үшін орасан зор жауапкершілікті де мойнына жеке-дара артты», - деді Айдос Сарым.


Соңғы жаңалықтар