Қаралы қаңтар: Әскери әйелдер ондаған сарбазды қалай аман алып қалды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 200-ден астам әскери қызметкер зардап шекті. Ұлттық ұланның 100-ден астам көлігі зақымданды. Сол күндері ер азаматтармен бірге әйелдер де жауынгерлердің өмірі үшін күресті. Олар жараланған әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетті. Басым бөлігі бүлікшілерге қарсы тұрды. Ерлік жасаған алматылық батыр қыздар туралы ҚазАқпарат тілшісінің материалында.

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімінде 400-ден астам әскери қызметші әйел қызмет етеді.

Бүгін біз өміріне қауіп төніп тұрса да азаматтық және әскери борышын соңына дейін атқарған бірнеше әйелдің ерлігі туралы айтпақпыз.

ҚР Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің фельдшер-сержанты Рашида Сәлмекеева қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні Алматыда жаппай тәртіпсіздіктің алдын алу жөніндегі жауынгерлік тапсырманы орындау үшін жедел жәрдем көлігінде кезекшілік етті.

Олар Назарбаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында зардап шеккен сарбаздарды эвакуациялады.

Оның айтуынша, көлікке шабуыл жасалған.

«Машинаны азаматтық көлік соғып, сосын наразылық білдірушілер шабуылдады. Олар көліктің терезесін сындырды. Сосын біреуі қолын терезеге кіргізіп, шашымнан ұстап, тарта бастады. Мен әуелі бізді көліктен шығаруын өтіндім. Бақытымызға орай, біз жарақат алған сарбаздармен бірге қашып үлгердік. Көлікті көзімізше өртеп жіберді», - деп еске алады ол.

Рашида Бақбергенқызының Ұлттық ұланның медициналық қызметінде еңбек еткеніне биыл 22 жыл. Бір қызы мен жиен немересі бар.

5571 әскери бөлімінің психологы, майор Динара Көлбаева 1998 жылдан бері Ұлттық ұлан қатарында.

«Жалпы, Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткеніме 25 жыл болды. Қаңтар оқиғасы кезінде медпункт жанындағы бөлімшеде болдым. Әскерилерге көмек көрсеттім. Ол жерге жараланған сарбаздар келді. Менің міндетім - оларды енді қауіп төніп тұрмағанына, бар жамандық өтіп кеткеніне сендіру болды. Психологиялық тұрғыдан қолдау көрсеттім. Психологиялық кеңес беріп, түзету жұмысын жүргіздім», - дейді психолог.

Динара Көлбаева сол күндері әскерилердің әрқайсысы антына адал болып, борышын мінсіз өтегенін атап өтті.

Кейіпкеріміздың ұлы бар. Ол халықаралық бизнес университетінің бірінші курс студенті.

ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің киім жөндеу шеберханасының бастығы, сержант Әлия Әбежанова 5 қаңтар күні әдеттегідей жұмысқа шыққанын айтты.

Сол күні әйелдер жұмыстан босатылды, бірақ ол қалып, дәрігерлерге көмектесуді шешті.

«Сол күні әскери бөлімге жаралы сарбаздар мен офицерлер келіп түсті. Біздің батальон командирі жарақат алып Алматы қонақүйінің жанында жатыр деген шұғыл ақпарат алдық. Бос маман болмағандықтан мен баруды жөн көрдім. Менімен бірге кинология бөлімінен әріптесім Дархан Дәрібаев барды. Қонақүйдің жанынан командирімізді тауып алдық. Оны көлікке отырғызып, 150 метр жүргенен кейін тағы бір офицерімізді таптык, ол да жаралы болды. Сол кезде артымыздан қолында таяғы бар бір топ адам жүгірді. Мен жараланған офицерді көлікке отырғызып үлгердім. Жаралыларды медициналық орталыққа жеткіздік», - деді ол.

Жаралы әскери қызметшілерді әскери бөлімнің медициналық пунктіне қалдырып, олар қайтадан қала көшелеріне шықты.

Барлығы 18-ге жуық адамды аман алып қалды.

«Соңында кинолог-сарбазды таптық. Кинолог аяғынан жараланыпты. Сонымен қатар, қару-жарақ дүкенін тонағандарды көрдім. Олар маған оқ атты. Мен көліктің артына тығылып үлгердім», - дейді кейіпкеріміз.

Әлияның екі баласы бар. Қызы 23 жаста, ұлы 10 жаста.

5 наурызда жауынгерлерді аман алып қалғаны үшін «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Айта кету керек, әскери борышын өтеу кезінде бұл әйелдер қорқынышқа бой алдырған жоқ.

Олар ер азаматтармен иық тіресіп, қатар жүрді, сарбаздарды қиындықта қалдырмай, құтқарды.


Соңғы жаңалықтар