Қарақұйрықтарды атып алған екі қызылордалықтың бас бостандығы шектелді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды атып алған браконьерлер мемлекетке 8 млн теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыс Қызылорда облысының Қазалы ауданы аумағында жасалған. Сол ауданның 44 және 46 жастағы тұрғындары аңшы мылтығымен екі қарақұйрықты заңсыз атып алған. Жергілікті полиция қызметкерлері оларды қарақұйрықтарды үйлерінде бөлшектеп жатқан жерінде қолға түсірді.

Олардың мемлекетке залалы 8 млн теңге көлемінде бағаланды.

«Заңсыз аңшылық жасағандар полиция қызметкерлері мен «Охотзоопром» мамандарының бірлескен жедел-іздестіру жұмыстары барысында қолға түсті. Олардың іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен сараланып, қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодексінің 300-бабының сәйкес айыптау актісімен сотқа жолданды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Сот үкімі бойынша заңсыз аңшылықпен айналысқан тұрғындарға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеу міндеттелді.

Соңғы жаңалықтар