Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51
Jańalyqtar

ҚАРАҚҰЛОВ ИШАНБАЙ ҚАРАҚҰЛҰЛЫ

2009 жылғы 31 желтоқсан 09:46 237
Бөлісіңіз:
ҚАРАҚҰЛОВ ИШАНБАЙ ҚАРАҚҰЛҰЛЫ

 Қарақұлов Ишанбай Қарақұлұлы (1909-1992) - ғалым-эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Орынбор қаласындағы жасөспірімдерге арналған үш жылдық мектеп-интернатында оқыған. Орал қаласындағы Қазақ өлкелік медицина техникумын, Алматы мемлекеттік медицина институтын (С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті) және осы институттың аспирантурасын бітірген. 1937 жылы институтты тәмамдаған ол бірден Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалған. 1937-1946 жылдары бірінші шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған. 1946-1947 жылдары Алматы медицина институты эпидемиология кафедрасының меңгерушісі. 1948-1950 жылдары - Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1950-1954 жылдары Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған.

Ишанбай Қарақұлұлы - эпидемиология, профилактика және микробиология саласындағы белгілі зерттеуші және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы ірі қайраткерлердің бірі.

Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері адамға жұғатын ауруларды зерттеуге және Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруға арналған. Ол малдан жұғатын аса қауіпті ауруларға эпидемиологиялық тұрғыдан жіктеу жасап, олардың жұғу жолдарын анықтады, оларға қарсы қолданылатын кешенді шаралардың біртұтас жүйесін ұсынды. Cарыптан сақтану мақсатында адам терісіне алдын ала вакцина егу әдісін тапқан. Оның ұсынған бұл әдісі қазіргі кезде шет мемлекеттерде де қолданылады.

Профессор Ишанбай Қарақұлұлы ұзақ жылдар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссиясының сарапшысы, Кеңес-Үндістан достығы қоғамының вице-президенті, Кіші медициналық энциклопедия редакторының орынбасары болып жұмыс істеді.

Ғалым Қазақстанның денсаулық сақтау ісін ұйымдастыра отырып, медицина ғылымын, дәріханалық істі дамыту және кадр даярлау жөнінде зор жұмыстар жүргізген.

Соғыс жылдары И.Қарақұлов Қарулы Күштердің орталық институтында қызмет етті және Үкімет пен Жоғарғы Кеңестің соғысқа қатысты бірқатар жауапты тапсырмаларын орындады. Ол медицина қызметінің подполковнигі әскери шенін алды.

И.Қарақұловтың ғылыми еңбектерін Кеңес Армиясының бас эпидемиологы, академик А.Алымов, академиктер В.Тимаков, П.Здродовский өте жоғары бағалады, сондай-ақ оның басқа да ғалымдар арасында беделі биік болды.

Ол 1946 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтында эпидемиология кафедрасын құрып, оны өзі зейнеткерлікке шыққанға дейін (1987-1988) үздіксіз басқарған. Осы кафедраның негізінде 300-дей жұмыс орындалып, отызға тарта докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Профессор И.Қарақұловтың алғысөзімен және редакциялауымен он беске жуық әртүрлі монографиялар, ғылыми жинақтар мен еңбектер, оқу құралдары басылып шықты. Мұндай әртүрлі проблемалық жұмыстардың орындалуы И.Қарақұловтың тек инфекциялық патология, әлеуметтік гигиена, демография, денсаулық сақтауды ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмағанын, сонымен бірге оның ғылыми жан-жақтылығын да аңғартады.

Профессор Ишанбай Қарақұлұлы эпидемиологтардың, микробиологтардың, инфекционистер мен паразитологтардың бүкілодақтық және республикалық (бұған Қазақстанмен бірге, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркіменстан, Қарақалпақ АКСР-і қоғамдары да кірген) ғылыми қоғамдарының құрметті мүшесі, ал Қазақстан микробиологтары, эпидемиологтары және паразитологтары ғылыми қоғамының құрметті төрағасы болды.

Ишанбай Қарақұлұлы жастарды жан-жақты тәрбиелеу проблемасымен де үзбей айналысты. Бұл ретте ең алдымен оның 1983 жылы белгілі жазушы Ғ.Мүсіреповтің алғысөзімен шыққан «Қырық сұрақ - қырық жауап» атты кітабының мәні зор екенін айтқан жөн. Ол қарақалпақ, қырғыз тілдерінде де жарық көрді. «Индиялық достарда» (1962), «Сырласу» (1989), тағы басқа кітаптары бар. Онда жастарға байланысты көп тәрбиелік мәселелерді көтерді.

И.Қарақұловтың маман-дәрігерлерді дайындаудағы сіңірген еңбегін ескере отырып және Қазақстандағы эпидемиологиялық ғылымның іргесін қалаушылардың бірі болғаны үшін С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен (24 ақпан 2009 жылғы хаттама № 8) университеттің эпидемиология кафедрасына және № 6 аудиторияға оның аты берілді. Бір оқу ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Алматы қаласындағы «Қалқаман-2» шағын ауданындағы көше бірі И.Қарақұлов есімімен аталады.

  

«Халықтар достығы» орденімен, көптеген медальдармен, КСРО денсаулық сақтау министрлігінің, КСРО «Білім» қоғамының, КСРО Медициналық  ғылым академиясының, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының, Қазақ КСР-і және Қарақалпақ АКСР-нің Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 5 том

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер:
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
MURAǴAT