Қаракөлде аққулардың қырылуына қатты аяз себеп болуы мүмкін

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Қаракөлде өлі табылған аққулардың барлығы әлі бір жыл болмаған жас, олар қатты аязға шыдамаған болуы мүмкін. Бұл туралы​Маңғыстау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының, «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері, Маңғыстау облысының экология, ветеринария инспекциясы және ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, сондай-ақ «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС экологтері тексеру жүргізген.

«Сарапшылар тексеру кезінде өлген он аққу тапты. Олардың барлығы жас. Әлі де қыстың суығына жарайтын май жинап үлгермеген. Алдын ала болжамдар бойынша бұл аққулар өлімінің бірінші себебі болуы мүмкін. Сондай-ақ, тағы бір фактор – өңірдегі қатты аяз. Өйткені, Маңғыстау облысында 1 желтоқсаннан бастап температура -15 градусқа дейін төмендеді. Каспий теңізінің жағалауы мен Қаракөл көліне мұз қатқан. Ол жас құстарға жем беруге қиындық туғызған», - деді ол.

Экология департаментінің мамандары судан сынамалар алды, сондай-ақ ветеринариялық инспекция мамандары өлген аққуларға талдау жасады. Жиналған талдау нәтижелерінен кейін қосымша ақпарат беріледі.

Айта кету керек, аққудың бұл түрі ҚР Қызыл кітабына енбеген.

Жалпы, жылына Қаракөл көлінде 10 000-ға жуық аққу қыстайды.

Бүгін Маңғыстау облысындағы Қаракөл көлінің жағалауынан өлі аққулардың табылғанын жазған едік.

Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар