Қарақия тұрғындары Бозжырада мәдени туризмді ұйымдастыруды сұрап отыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысы Қарақия ауданының жүзге жуық тұрғыны аймақ басшысына хат жолдады. Онда жергілікті тұрғындар табиғатты қорғау үшін және халыққа жұмыс орнын ашып, табыс табуына мүмкіндік беру үшін Бозжыра маңында этноауыл салуға, реттелген мәдени туризмді дамытуға бағытталған шараларды қолға алуын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенек ауылының аумағында орналасқан Бозжыра шатқалына туристерді қабылдайтын сапар орталығы салынады дегенге халық аарсында түрлі пікір болды.

Аудан тұрғындарының айтуынша, инвесторлар келіп, халықпен кездескен. Олар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына көптеген мүмкіндік жасалатынын айтқан.

«Алайда соңғы кездері, әсіресе жабайы туризмнен мол пайда тауып жүргендер мен басқа өңірден келген «экологтар» жиналыстар мен әлеуметтік желілерде орынсыз байбалам салып, бұл үмітіміз үзілуге айналды. Олар «тасжол төсеп, Бозжыра қасынан (4 км жерден) туристерді қабылдайтын қонақүй салып, (реттелген, мәдени, экологиялық) туризмді ұйымдастыру зиян келтіреді» деп халықты сендіруге тырысып, арзан бедел жинап жүр. Жабайы туризм Бозжыра алқабы мен оның маңындағы жанды және жансыз табиғатты күйретіп бара жатқаны олардың ойына кіріп-шығатын емес. Мемлекетке де, елге де, жерге де туризмді дамыту арқылы пайда келтіретін осындай табиғат сыйын басқа жақтағы «жанашырлар» емес, өзіміз қорғай аламыз. Маңғыстаудағы Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Сисем ата сияқты қасиетті жерлерге күніне ондаған адам зиярат етуге барады, алайда барлық қозғалыс реттелгендіктен олардың айналасы тап-таза, аңы да, құсы да орнында. Сол сияқты өлкеміздегі бүкіл мұсылман әлеміне белгілі, киелі Бекет ата жерасты мешітіне жұмыс күндері 100-200 адам, ал демалыс күндері 100-150 автокөлікпен бес жүзге дейін адам келіп, дәл қасындағы қонақүйге түнеп, зиярат етеді. Барлық қозғалыс реттелгендігі сондай, ешкім еш нәрсеге зиян келтірмейді. Жан-жағы түгел күтімге алынған. Сондықтан да мешіт басындағы үйренген арқарлар адамдармен араласып жүре береді. Бекет Ата басында сіздер де болып, осы айтылғандарға көздеріңіз жеткен болар» делінген хатта.

Тұрғындар мәдени туризм Бозжырадағы жаралы табиғат пен безіп кеткен жануарлар дүниесін дәл осылай қалпына келтіретініне сенеміз дейді.

«Ал жүріс-тұрыс реттелмеген, туристер емін-еркін баратын Айрақты, Ақмыш, Шерқала, Тамшалы, Саура, Самал секілді табиғат орындары жылдан-жылға азып бара жатқанын Маңғыстау халқы біледі. Сондықтан ол жерлерде де мәдени туризмді ұйымдастыру қажет» делінген хатта.


Соңғы жаңалықтар