Қарақат Башанова Junior Eurovision байқауының финалында ән шырқады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Junior Eurovision XVIII ән байқауы басталды. Қазақстан намысын 12 жасар әнші Қарақат Башанова қорғап жатыр. Ол осы байқауда өзінің әкесіне арнаған «Forever» әнін шырқады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Junior Eurovision байқауының ашылу салтанатында өткен жылы жеңімпаз атанған поляк әншісі Вики Габор әр елдің өнер көрсететін реттік нөмірін анықтады. Нәтижесінде, Қарақат «Forever» әнін екінші болып, яғни германиялық қатысушының қойылымынан кейін орындайтыны белгілі болды. Барлығы виртуалды сахнада 12 қатысушы бақ сынайтын болады.

Жарыстың ережесі бойынша, жеңімпаз әділ қазылар алқасы мүшелерінің дауыс беруі және 2 кезеңде өтетін онлайн дауыс беру арқылы анықталады.

Қазақстандықтар Қарақатқа ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің қатысушыларына да дауыс берудің бірегей мүмкіндігіне ие. Көрермендердің дауыс беруі junioreurovision.tv сайтында өтеді.

Дауыс беру 28-ші қарашадан 29-шы қараша аралығында конкурстың финалы басталғанға дейін жалғасты. Финал аяқталғаннан кейін, көрермендердің өздерінің сүйікті әншілері үшін дауыс беруі үшін тағы 15 минут уақыт берілді.

8 қазан күні Junior Eurovision байқауының ресми сайтында Қарақат Башанованың «Forever» атты әніне түсірілген бейнебаяны жарияланды. Жобаның авторы - белгілі қазақстандық сценарист және режиссер Мәлік Зенгер. Тарихи өзгешеліктерді ескере отырып, киімдерді егжей-тегжейлі ойластырумен танымал стилист Анарбек Жәрдемов бастаған «Қазақфильм» АҚ мамандары айналысты. Түсірілім Алматы қаласында өтті.

2020 жылғы Junior Eurovision байқауына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысып жатыр.


Фото/ Junioreurovisionofficial



Соңғы жаңалықтар