Қарақалпақстандық қандастар Алматыда Наурыз мейрамын атап өтті

None
Фото: Күнқожа Қайрулла
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданы Жаңадария ауылының бұрынғы және қазіргі тұрғындары Алматы облысы, Іле ауданының Чапаев ауылдық округінде Наурыз мейрамын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыз мерекесінде Жаңадария ауылынан Қазақстанға оралған қандастар ғана емес, әлі де тұрып жатқандары арнайы келіп қатысты.

«Наурыз көже» пісіріліп, ән, терме, күйлер орындалған Ұлыстың ұлы күнінде Аманжол Есмырзаев, Ислам Қайруллаұлы, Бекен Арзиев, Абай Сәдуов, Мұхаметжан Шәкімалов, Айдар Мөкешов сынды әнші-термешілер өз өнерінен шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар қазақ күресі, арқан тартыс және басқа да ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды. Ауыл қарттары туған жер туралы естеліктер айтып, дүниеден өткен ата-бабалар рухына дұға бағыштады.

Сонымен қатар Наурыз мейрамында «Біздің ауыл» деп аталатын мәдени, тарихи-танымдық журнал шығарылды. Басылымда Тақтакөпір, Жаңадария өңіріндегі қазақтардың тарихы, діни-ағартушылар туралы, ұлттық өнердің дамуына үлестерін қосқан әнші, домбырашы, жыраулар және бүгінде ұмытылып бара жатқан жер-су атаулары, ауыл атын республикаға танытқан «Арқабайдың қара жорғасы», «Пахратдиннің ала аты» сияқты сәйгүліктер туралы танымдық мақалалар жарияланды.

1975 жылы Жаңадария кеңшарын құрған директор, бүгінде 92 жасқа келген ақсақал Оразалы Иімбетов: «Бүгінде Жаңадария аулынан шыққан азаматтардың бағындырған биіктеріне, ынтымақ-бірлігіне қарап отырып шүкіршілік етемін. Ұрпағына терең білім берген, адамгершілікке, имандылыққа баулыған, ынтымағы жарасқан ауылдың ұйытқысы болған кезімді ерекше сағынышпен еске аламын. Еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын», - деді.

Тақтакөпір ауданының Жаңадария кеңшарынан қазақтың жыраулық өнерін өзіндік өрнегімен байытқан Өтім Балтуғанұлы, Теңізбай Есенбайұлы, Пішенбай Бекішев сынды атақты жыраулар шықса, бертін келе балалар жазушысы, Б.Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Қазақ радиосының тілшісі болған Бақыт Досымов, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, журналист Ғ.Іскендерұлы, Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптары оркестрінің домбырашысы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жұбатхан Тәжбенов, бірнеше ғылыми еңбектің авторы, химия ғылымдарының кандидаты Индира Сапарбекова, «Білім беру саласының үздігі» Дина Сайекеева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, Бесқала қазақтарының музыкасын зерттеуші, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы Күнқожа Қайрулла, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, педагог Тамара Есжанова және тағы да басқа тұлғалар шыққан.

Белгілі педагог Қайрат Шаханов және басқа азаматтар ұйымдастырған Наурыз мерекесіне арналған іс-шара екі ел ортасындағы ынтымақты нығайта түсетіні сөзсіз.



Соңғы жаңалықтар