Қарақалпақстанда төтенше жағдай режимі мерзімінен бұрын тоқтатылды

Фото: None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан аумағындағы төтенше жағдай режимін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. ҚазАқпараттың меншікті тілшісі бұл туралы аталған ел басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай шешім Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесінің 20 шілдеде ел президентіне жолдаған өтінішінен кейін қабылданды. Жоғарғы кеңес елде қоғамдық тәртіп қалпына келгенін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқығы мен бостандығын қорғау бойынша шаралар қабылданғанын атап өткен.

«2022 жылғы 2 шілдедегі № УП–164 «Қарақалпақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай режимін енгізу туралы» Өзбекстан Республикасы Президентінің жарлығымен енгізілген Қарақалпақстан Республикасы аумағындағы төтенше жағдай режимі 2022 жылдың 21 шілдесі сағат 05.00 минуттан бастап мерзімінен бұрын тоқтатылсын», - делінген құжатта.

Шавкат Мирзиёевтің жарлығы бекіту үшін Олий Мәжіліс палаталарына жолданды. Құжаттың орындалуы Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповке және Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовке жүктелді.

Еске салайық, Қарақалпақстан Республикасының аумағында азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәртіпті қалпына келтіру мақсатында 2022 жылдың 3 шілдесінен 2 тамызға дейін елде төтенше жағдай енгізілген болатын.


Соңғы жаңалықтар