Қарақалпақстанда Амал мерекесі тойланды

None
НӨКІС. ҚазАқпарат - Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ халқының ұлттық мерекелерінің бірі - Амал мерекесі немесе Көрісу күніне арналған «Амал – жылдың жаршысы» тақырыбында әдеби-композициялық мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзбекстан – көп ұлтты мемлекет. Қазіргі кезде елде бірлігі жарасқан 130-дан аса түрлі ұлт өкілдері өмір сүруде.

Әрбір ұлт өкілдері Наурыз мерекесі қарсаңында өз халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын паш ететін мәдени, әдеби іс-шара ұйымдастыруда.

Ұлыстың ұлы күні, жаңа жыл, жаңа күннің бастауы ретінде белгіленетін Амал мерекесі – көрісу күні туысқан қазақ халқының ата-бабалардан мұра болып келе жатқан құндылықтарының бірі. Береке мен бірліктің символы саналған бұл мереке көп ұлтты Қарақалпақстан Республикасында да кең түрде атап өтіледі.


«Амал мерекесі немесе Көрісу күні – ағайын-туыстың татулығы мен халықтардың ынтымағының айқын көрінісі», – дейді институттың қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерішісі, доцент Ырысты Құттымұратова.

Мерекелік кеште институттың жастар мәселелері және рухани-ағартушылық істері жөніндегі бірінші проректоры Қуандық Қадыров, Қазақстан Республикасы Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қайырбек Кемеңгер сөз сөйледі. Іс-шарада қолөнер үлгілері, ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылып, талантлы студенттердің орындауындағы ән-күй, би, тұсаукесу, беташар сияқты сахналық көріністер көрермендер көңілінен шықты.


Ислам Мәтеков,Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының баспасөз хатшысы.


Соңғы жаңалықтар