Қарақалпақ қазағы: Мемлекет басшылары алдында қазақша ән айту - бақыт

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 20 жасар қандасымыз Мұса Молдабаев Қарақалпақстанда туып өскен. Жас өнерпаз дәстүрлі әндерді шебер орындаумен қатар, домбыра, одан бөлек фортепиано, гитара, ала мойнақ дутары (қарақалпақ ұлттық аспабы) және ұрмалы аспаптардың құлағында ойнайды. ҚазАқпарат тілшісі өнер әлемінде қанаты қатайып келе жатқан қандасымызбен сұхбаттасқан еді.

Мұса Молдабаев Қарақалпақстан республикасының Хожелі қаласында дүние келген. Ал ержеткен мекені - Қоңырат ауданына қарасты Жаслық ауылы.

«Қазақтың қара баласымын. Отбасымыз шағын. Ата-анам және жалғыз әпкем бар. Қазір Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының 3 курс студентімін. «Эстрада әншісі» мамандығын меңгеріп жатырмын. Өнерге, оның ішінде ән айту мен музыкалық аспаптарды үйренуге бала күнімнен құмарттым. «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, үйдің төрінде бірнеше домбыра ілініп тұратын. Бірақ, үйде ешкім домбыра тартпайтын. Кішкентай кезімде өз бетімше домбыраны қолға алып, қызыға бастадым. Уақыт өте келе домбырамен ән айтып, күй тартуды үйрендім», - деді Мұса Молдабаев.

Айтуынша, қандасымыз Қарақалпақстанның қазақи елді мекенінде тәлім-тәрбие алған. Ондағылар ұлттық дәстүрді ұстанады.

Өнерпаз бауырымыз бала күнінде өрісте мал бағып, кең далада домбырамен ән айтып, күй шертіп өсіпті.

Бос уақытында спортпен шұғылданып, жүзуді ұнатады. Сонымен қатар 9 жыл бокска қатысқан.

«Өнерімді өрлете түсу жолында республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатысып, шыңдалу үстіндемін. Жобаларға қатысу өнер жолындағы мүмкіндігімді аша түсіп, халыққа кеңінен танылуыма себеп болып жатыр. Соның бірі - былтыр қатысқан «Artist» (әртіс) тележобасы. Аталған дода қаншама жас таланттың өнерде жолын ашты. Республика бойынша мыңдаған үміткерлердің ішінен іріктеп алынған 50 жас әртіс тележобаға жолдама алдық. Кастингтен сәтті өтіп, жоба соңына дейін қатыстым. Алғашқы турда домбырамен қазақтың халық әні «Самалтауды» орындадым. Өнерім көрермен мен төрешілердің көңілінен шықты. Таң қалды десем асыра сілтемеген болармын. Төрешілердің қатарында Өзбекстанның дәстүрлі әншілерімен қатар мега-танымал өнер жұлдыздары болды», - дейді ол.

Сондай-ақ, Мұса республикалық сайыста ана тілінен бөлек, ағылшын, француз және итальян тілдерінде әр шырқап, жұртшылықтың көңілінен шыға білген.

Одан бөлек, өзбек халқының ретро әндерін де орындаған.

«Тележобада берілген барлық тапсырманы сәтті орындадым. Өкінішке қарай, жеңіске жете алмадым. Дегенмен мол тәжірибе жинап, көп дүние үйрендім. Жобаға қатысудағы басты мақсатыма жеттім, яғни халықтың жүрегінен орын алдым. Тележобаның арқасында мемлекеттік деңгейдегі ауқымды мәдени шараларға қатысып жүрмін. Тіпті, президенттердің алдында өнер көрсету бақыты бұйырды. 2022 жылы желтоқсанда Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеті президенттерінің кездесуі өтті. Ресми кездесуден кейін концерт ұйымдастырылып, сол жерде ән айттым. Мемлекет басшылары алдында қазақша ән айтқаным - мен үшін бақыт. Үлкен жетістік және осындай сәтте жігерлене түсесің», - дейді жас әртіс.

Қарақалпақстандық қандас Қазақстанда бірнеше рет болған. Елімізде өткен музыкалық байқауға қатысып 1-орын иеленіп те үлгерген.

Алдағы уақытта өнер жолын атамекенмен байланыстыруға ниетті.

«Қазақстанға барып қандас бауырлармен жақынырақ танысу жоспарым бар. Жалпы атамекенде ағайын-туыстар тұрады. Жиі әрі жақын араласамыз»,- дейді ол.

Мұса қазақ тілін еркін меңгерген. Мәлімдеуінше, ана тіліне деген құрметі ерекше.

«Қазақ тілі – менің ана тілім. Тілім шыққан сәттен бастап ата-анаммен қазақ тілінде сөйлесіп өстім. Оның үстіне өскен мекенім Жаслық ауылында қазақтар шоғырланған. Мектепте де қазақ тілінде білім алдым. Әрине, ана тілден бөлек, өзбек және қарақалпақ тілінде еркін сөйлеймін. Ана тілімді өмір бойы құрметтеймін. Ал өнердегі мақсатыма келсем, өз саламда одан әрі шыңдала түсу, сондай-ақ, шет мемлекеттерде өнер көрсетіп, халықаралық жобаларға қатысуды көздеп отырмын», - деп жоспарын бөлісті отандасымыз Мұса Молдабаев.

Кейіпкердің жеке фотосы
Соңғы жаңалықтар