Қарағандының тәртіп сақшылары екі жалған полицейді қолға түсірді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Екі жалған полицей Шахтинск қаласының тұрғынынан есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатып береміз деп 1000 доллар талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 қаңтарда Қарағанды облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына Шахтинск қаласының 36 жастағы тұрғыны екі полиция қызметкері қылмыстық жауапкершіліктен босатып беретінін және сол үшін 1000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай қаражат талап еткендігі туралы өтініш келіп түскен.

Аталған факті бойынша 2020 жылдың 27 қаңтарында Шахтинск қаласында Қарағанды облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері тергеу іс-әрекеттерін жүргізу барысында есірткі құралдарын заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен жалтарғаны үшін арызданушыдан талап етілген соманың бір бөлігін, яғни 100 000 теңге көлемінде қаражатты алған бетте 22 және 24 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады. Олар өтініш берушіге өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырған.

«Тексеру барысында ұсталғандардан олардың бірінің атына жазылған ішкі істер басқармасы қызметкерінің қызметтік куәлігіне ұқсас құжат табылды және тәркіленді. Дегенмен, нақты ұсталғандар Облыстың ішкі істер органдарына ешқандай қатысы жоқ және жұмыссыз болған»,-деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда облыстық ПД ӨҚБ осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, оның нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.


Соңғы жаңалықтар