Қарағандының шалғай ауылдарындағы дәріханалар жаңа әдіспен жұмыс істемек

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында алты жылжымалы медициналық кешен жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш кешендер арқылы өңірдің денсаулық сақтау басқармасы шалғайдағы ауылдарға сапалы медициналық қызмет көрсету және дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерін шешуді көздеп отыр.

«Осы жылдан бастап жылжымалы медициналық кешендер санын арттырдық. Елордалық денсаулық сақтау бөлімінен бізге қазіргі заманғы екі жылжымалы медициналық кешен берілді. Олар заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Мамыр айында бұл кешендер Қарағанды облысының аумағында қызмет көрсете бастайды. Әр ауданға әр түрлі бригадалар барады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, Қарағанды облысында жылжымалы дәріхана пунктері де іске қосылмақ.

«Бұл біздің көптен күткен жобамыз. Ауылдық жердің барлық тұрғындары, әсіресе шалғайдағы ауылдар сапалы дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмайды. Онда дәріханалар жоқ, себебі жеке бизнеске оларды шалғай ауылдарда ашу тиімді емес. Бұл жағдайда біз осы жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Облыста жылжымалы дәріхана пунктері жұмыс істей бастайды. Кесте бойынша олар елді мекендерді аралап, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін болады», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Ол сондай-ақ ауылдық медициналық пунктерде интернетке қатысты мәселе қалай шешіліп жатқанын айтты. Бұл ретте желіге үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге мемлекеттік-жеке меншік серіктестік көмекке келеді. Кең жолақты интернет жоқ елді мекендерде спутниктік тәрелкелер орнатылады.

«Бұл қадам 42 ауылдық медициналық пункті спутниктік интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер жоба өзін ақтайтын болса, біз оның пәрменді және сенімді екеніне көз жеткіземіз. Сонан соң ғана қалған ауылдық жерлерге тарататын боламыз. Интернет ауылдық жерлердегі дәрігерлермен бейне кеңес беру үшін қажет», - деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Соңғы жаңалықтар