Қарағандылықтарға көмірді уақытылы сатып алу ұсынылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында көмір сататын 34 орын бар. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жиында өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков халыққа арналған «қара алтынның» жағдайы қандай екенін айтты. Алдағы жылу маусымына дайындық онлайн-форматта талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде қарағандылықтар үшін көмір 1 шахта мен 9 кеніштен жеткізіледі.

«Биыл көмір өндіру 23,8 млн тоннаға жуық болады деп болжанған. Бұл 2020 жылға қарағанда 5%-ға жоғары. Сонымен қатар, өткен жылы халыққа және коммуналдық-тұрмыстық көмірге 4,9 млн тонна, ал 2021 жылы 5,6 млн тонна көмір жөнелтілді», – деді Мұрат Қыдырғанбеков.

Көмір өндіруші кәсіпорындарда көмірді тікелей кеніштен шығару үшін алаңдар дайындалды. Осы айдан бастап бюджеттік ұйымдар мен халық үшін жөнелтіліп жатыр. Барлығы 34 көмір сату нүктесі ұйымдастырылған. Оның 24-і – теміржол тұйықтары және 10-ы – қойма.

«Шұбаркөл көмір» компаниясы күн сайын Қарағанды облысына 19 вагоннан тиейді. Сұраныстың артуына байланысты осы айда жөнелтуді 35 вагонға дейін, ал қыркүйектен бастап 40 вагонға дейін жеткізу қажет», –деп есеп берді басқарма басшысы.

Билік қыркүйек-қазан айларында дүрбелең болмас үшін тұтынушыларды көмірді қазірден бастап сатып алуға шақырады.

Бұған қоса, барлық өңір бойынша жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары бақылауда қалып отыр. Облыстың барлық стансаларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жүргізіледі.

«Бүгінде 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 12 қазандық пен 5 турбина жөндеуде қалады. ЖЭО-2, ҚарГРЭС-1 және Жезқазған жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кестеден кешеуілдеп жүргізіліп жатыр», – дейді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Сондай-ақ, биыл облыстың қалалары мен аудандарын газдандыру жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігімен үнемі қадағаланып отырады.

Өңір басшысы барлық қалалар мен аудандар басшыларына жылу беру маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Бюджеттік ұйымдар үшін көмірдің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету керек. Көмірдің бағасын бір деңгейде ұсталуына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Баға әзірге тұрақты, бірақ жаппай сатып алу басталғаннан кейін бағалар көтеріледі. 2017 жылы алыпсатарлық фактісін есімізде сақтаймыз, сондықтан көмір жеткізушілермен бірге оның қоймаларда, тұйықтарда және өткізу орындарында болуын пысықтау қажет», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар