Қарағандылықтарды саябақтарда 100 нұсқаушы жаттықтыратын болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылықтарды саябақтар мен спорт залдарында 100 нұсқаушы жаттықтыратын болды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов есеп беру кездесуінде спорт саласына қатысты жоспарларды жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысында қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінуде. Өткен жылы көптеген жаңа нысандар ашылды. Олардың қатарында Абай қаласындағы жүзу бассейні, Шет ауданындағы ДСО, Қарағандыда шағын футболға арналған спорт кешені және басқалары бар.

Облыс әкімінің айтуынша, Қарағандыда биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша үлкен триатлон паркі ашылады. Ауыл тұрғындарына арнап өңірде тағы да бірнеше дене спорт орталықтарын салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасы бойынша Қарағандыда олимпиадалық стандарттарға сай 50-метрлік жүзу бассейні мен Теміртаудағы заманауи спорт кешенінің құрылысы басталады.

«Бұқаралық спортты дамыту үшін кешкі уақытта мектептерде, жоғары оқу орындарында және колледждерде спорт залдарын пайдалану керек. Бірақ ол үшін мамандар қажет. Біз аулаларда және спорт залдарында қосымша 100 спорт нұсқаушылары жұмыс істейтін болады деген шешім қабылдадық», - деді Ерлан Қошанов.

Ол облыста ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық жоғары екенін атап өтті. Бүгінде өңірде спорттың бірнеше түрімен және ұлттық спортпен облыста 43 мыңнан астам адам айналысады.

Облыс әкімі сондай-ақ Қарағандыда келешекте ипподром құрылысы көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл жобаны кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша жүзеге асыру ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар