Қарағандылықтарды қашықтықтан жұмыс істеуге үйретеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылықтарды үйде отырып, қашықтан табыс табуға үйрететін болады. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов халықпен есептік кездесуі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңір басшысының айтуынша, фриланс немесе үйден жұмыс істеу бірінші кезекте, кеңселерде, дүкендерде немесе кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ көпбалалы аналар үшін өзекті.

«Көптеген елдерде қашықтан жұмыс істеу нарығы миллиардтаған долларды құрайды. Сондықтан бізге де бұл құралдар мен білімді көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге беру керек», - деді Ерлан Қошанов.

Фрилансерлер мектебінде үйден шықпастан қалай және не арқылы ақша тауып, осы секілді табыс көзін қалай заңдастыруға болатыны, сонымен қатар қандай үлгі бойынша салық төлеу керектігі үйретіледі. Бұл мектепке кез-келген ниет білдірушілер келіп, білім ала алады. Алайда тіркеу кезінде көбіне көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және зейнеткерлерге басымдылық беріледі. Фриланс мектебінде сабақтар тегін өткізіледі.

Бұған қоса жақын арада өңірде бизнес-инкубатор жұмыс істейтіні туралы мәлім болды. Онда көпбалалы аналарды бизнесті табысты жүргізу негіздеріне үйрететін болады. Көпбалалы аналарға өз ісін ашуға 200 грант қарастырылған.

Сондай-ақ, «Бастау бизнес» білім беру бағдарламасы бойынша жастарға арналған гранттардың жалпы сомасы 10 есеге артты. Гранттардың мөлшері де 300 мың теңгеден бір миллионға дейін өсті. Мұндай гранттарды қалай алу және бизнесті қай салада жүргізуді үйренуге қатысты ақпаратты өңірлік кәсіпкерлер палатасынан және жұмыспен қамту орындарынан алуға болады. Биылғы жылы Қарағандының вокзалдары мен ірі базарларында осындай нысандар ашылды. Оларға бір ай ішінде 1,5 мың адам келген.

Соңғы жаңалықтар