Қарағандылықтар Жеңіс күнін атап өтті

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 9 мамыр таңертеңнен бастап түрлі жастағы қарағандылықтар Мәңгілік алауға жиналды. Халық Екінші дүниежүзі соғысына қатысқан әкелерінің, аталары мен бабаларының суреті мен гүл шоғын әкеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес сарбаздарының ерлігін еске алу үшін әскери қызметшілер мен билік өкілдері мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Қаза тапқан жауынгерлерді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек еске алды.

Мәңгілік алау алдындағы алаңға ауған соғысының жауынгерлері де жиналды.

«Бұл біздің аталарымыз бен әкелеріміздің Ұлы Жеңісі. Олар - бізге бостандық сыйлаған ардақты жандар. Жер бетінде соғыс болмасын! Біздің балалар бейбіт әлемде өмір сүруі керек», – дейді «Ардагер» ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Талғат Хасенов.

Әрбір отбасында дерлік соғыспен байланысты сәттер мен естеліктер бар. Әр қарағандылықтың қайғы-қасіреті есінде.

«Менің бір атам Берлинге дейін жеткен, екіншісі Сталинград түбінде қаза тапты. Бұл - бүкіл елдің ерлігі еді. Мен үшін Жеңіс күні - бізге өмір, бейбітшілік пен еркіндік сыйлағандарды еске алатын күн», – дейді Евгений Ермашев.

«Отбасымызбен келдік, немерелеріміз де, шөберелеріміз де осында. Олар аталарымыздың портретін ала келді. Оның бірі соғыстан оралмай, майданда қаза тапты. Екіншісі үйге оралып, әкемізді тәрбиеледі. Бүкіл отбасымыз Жеңіс күнін қадір тұтады. Қазақстандықтарға бір ғана нәрсе айтқым келеді - батырлардың ерлігін ұмытпаңыздар!», – дейді Нұрбек Рахымжанов.

«Мен бүкіл соғыс құрбандары мен атамды еске алуға келдім. Ол Литвада ұрыс кезінде мерт болды. Командирін құтқарды. Бұл туралы маған туыстары айтып берді, содан кейін мен «Халық естелігі» («Память народа») сайтынан ақпарат таптым. Баршаңызды осы ұлы күнмен құттықтап, бейбітшілік, мықты денсаулық, амандық және сәттілік тілеймін!», – дейді Наталья Комарова.

Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 24 ардагері тұрады.





Соңғы жаңалықтар