Қарағандылықтар саябаққа 400 ағаш отырғызды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласындағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы саябағында 400 жасыл желек отырғызылды, оның 250-і - қарағай, 150-і - жөке ағаштары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға облыс және қала әкімдері, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясы мен Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.


«Менің алғашқы отырғызған ағашым әлі есімде. Бұл мектеп жылдары болған еді. Сол кезде саябақ жасаған едік, ағаштарды жыл сайын отырғыздық. Өткен аптада мен сол жерде болып қайттым. Бұл Шет ауданындағы Жарық стансасы, қазір ол Сәкен Сейфуллиннің есімімен аталады. Бүгінгі таңда мен оқыған мектептер жоқ, ал саябақ әлі күнге дейін өсіп келеді», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.


Бүгін отырғызылған қарағайлар мен жөкелерді Қарағанды саябақтары мен гүлзарлары басқармасының қызметкерлері күтетін болады. Ағаштарды желден қорғау үшін тіректерге байлайды және аптасына екі рет суарып отырады.

Ерлан Қошанов облыстың қалалары мен аудандарын көгалдандыру басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол осы салада жүйелік тәсіл қолдануды талап етті. Қазір Теміртауда дендрологиялық жоспардың екінші кезеңі әзірленуде. Ол қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін қажет.


Сонымен қатар, жақын арада Балқаш қаласында «Жасыл кеңес» жұмыс істей бастайды.

Облыс әкімінің айтуынша, ағаштардың жерсінуі қатаң бақыланады. Сонымен қатар, сәуір айында құрылған жасыл желектердің электрондық картасы да көмектеседі. Онда Қарағандының барлық ағаштары мен бұталары, олардың жасы, түрі, мөлшері және жағдайы көрсетілген. Картаға жаңадан егілген көшеттер туралы мәліметтер енгізіледі. Осылайша, отырғызылған ағаштардың қанша болғанын тексеруге болады.

Соңғы жаңалықтар