Қарағандылықтар облыс әкіміне ойын автоматтарына қатысты шағымданды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды тұрғындары облыс әкімі Ерлан Қошановқа дүкендерде заңсыз ойын автоматтарының орнатылуына шағымданды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің Twitter-дегі аккаунтыма Қарағанды тұрғыны дүкендерде ойын аппараттары жиі орнатыла бастағанына шағымданды. Бұл өте маңызды мәселе. Құмар ойындар әлеуметтік дерт екені баршаға мәлім. Себебі, оның салдарынан отбасыларда қайғылы жағдайлар болып жатады. Бұл жердегі ең бастысы, заңсыз қызметтің өркендеп кетуіне жол бермеу», - деді Ерлан Қошанов аппарат жиналысында.

Облыс әкімінің сөзінше, шағым мәтінінде 45-ші орамда орналасқан «Лото клуб» туралы айтылған.

«Экономикалық тергеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Дәулет Татубаевтың айтуынша, бұл клубқа осыған дейін тексерулер жүргізілген. Бірақ ешбір заңбұзушылықтар анықталмаған. Мекеме иелерінде лоторея билеттерін сатуға лицензия бар екені және ол жерде ойын автоматтары болмағаны анықталды», - дейді Дәулет Татубаев.

Департаменттің мәліметіне сәйкес, «Лото клуб» облыстың 7 жерінде жұмыс істейді.

Дегенмен, Ерлан Қошанов бұл мәселеге мұқият қарауды талап етті.

«Әлеуметтік желілерде осы тақырыпты көтерген адамдарды табыңыздар. Олармен бірге барлық нысандарды аралап шығыңыздар. Егер олар заңбұзушылықтар туралы білсе, көрсетсін», - деп тапсырды облыс әкімі департамент басшылығына.

Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін үш қылмыстық іс қозғалып, 125 ойын автоматы тәркіленді. 2017-2018 жылдары 19 адам қылмыстық жазаға тартылды.
Айта кетейік, қылмыстық жауапкершілік ойынды ұйымдастыру үшін ғана емес, заңсыз ойын автоматтарын орналастыруға орын бергені үшін де қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар