Қарағандылықтар Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше белсенділікпен атап өтті

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай, вело және автошерулер, концерттер, челлендждер, көрмелер, конкурстар және басқа да іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл шаралар өңірдің барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласында мемлекеттік рәміздер күні спорттық бағытта аталып өтті. Тутұғыр алдындағы алаңда құттықтау бағдарламасынан кейін веложарыс басталды. Оған кәсіби мамандар да, велоспорт әуесқойлары да, 1972 жылы Мюнхендегі Олимпиада ойындарында КСРО велоспорт құрамасының капитаны болған Анатолий Степаненко сияқты атақты спортшы да қатысты.

«Қарағанды облысы әрдайым жарқын және талантты спортшылармен танымал болды. Ал бүгінде қарапайым қарағандылықтар да велосипедпен жүріп, салауатты өмір салтын ұстанады. Веложарыс – маңызды шара. Ол халықты біріктіреді. Мұнда өз елінің нағыз патриоттары жиналды. Баршаңызды осы тамаша мерекемен құттықтағым келеді», - деді Анатолий Степаненко.

Жарысқа 200-ден астам адам шықты. Мемлекеттік рәміздер алаңынан басталған велосипедшілер жарысы қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп, Тәуелсіздік монументінің алдында мәреге жетті.

Ал, қала орталығында «Менің туым – менің мақтанышым» патриоттық акциясы өтті. «Қарағанды» қонақ үйінің балкондарына 25 мемлекеттік ту орнатылды. Еріктілер тұрғындарды тәтті сыйлықтармен және жалаушалармен қуантты.

Теміртау қаласында салтанатты шеру ұйымдастырылды. Спортта, ғылымда және шығармашылық қызметте ерекшеленген жастар Қазақстанның туын желбіретті. Металлургтер ескерткішінің жанында концерттік бағдарлама өтті, онда Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрінің және Е. Рахмадиев атындағы симфониялық оркестрдің музыканттары өнер көрсетті. Сондай-ақ, ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы академиясының құрметті қарауыл ротасының шеруі өтті.

Саран қаласының көшелерімен 12 аппақ жеңіл автокөлік және Мемлекеттік туы бар 10 мотоцикл жүріп өтті.

Абай қаласында автошеруден бөлек жастар концерт ұйымдастырды. Абай ауданының Южный кентінде ұлттық ат спорты түрлерінің фестивалі өтті.

Приозерск қаласында 30 жеңіл автокөлік пен 100-ден астам велосипедші қала көшелерімен жүріп өтті. Салтанатты шара орталық алаңда мерекелік концертке ұласты, онда «Жыл мекемесі-2022» қалалық байқауы аясында гір көтеруден жарыс өтті.

Ұлытау ауданында көлік шеруі өтті. Тұрғындар үшін әртістер концерттік бағдарлама дайындады.

Нұра ауданында мереке құрметіне Ауған соғысының ардагері Болат Бүстекбаевты еске алуға арналған ерлер командалары арасында қазақ күресі мен волейболдан облыстық турнир өтті.

Жаңаарқа ауданында мерекелік концерттік бағдарлама, сондай-ақ ат шеруі мен автожарыс ұйымдастырылды.

Шет ауданының орталығы «Менің туым - менің Отаным!» челленджін қолдады. Елді мекен тұрғындары мемлекеттілік нышанын балкондарына және терезелеріне іліп, мерекені атап өтуге үлестерін қосты.

Шахтинск Жастар орталығының қызметкерлері мен еріктілері қала көшелерінде мерекелік күнге орай шоколад, шарлар және жалаушалар таратты.

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Теміртаудағы мұражайда және өңірдегі кітапханаларда түрлі тақырыптық шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекенің мәні мен маңызы баяндалды.

Еске салсақ, биыл мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Қазақстанда ту, елтаңба және әнұран қалай қорғалады?


Соңғы жаңалықтар