Қарағандылықтар мектеп жанында қазылған арықтың қараусыз қалғанына наразы

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындары коммуналдық мекеме қызметкерлері №103 мектептің жанында бір ай бойы траншея қазып, сол күйі қалдырып кеткенін айтып шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн сайын арықтың жанынан №103 мектеп оқушылары өтеді. Ата-аналар тереңдігі бір жарым метрге жететін траншеяға балалар құлап кете ме деп алаңдайды.

«Бұл жерді қазып, белгілері бар арматураны қадап, барлығын сол беті тастап кетті. Бұл арматуралар өте үшкір. Сабақтан кейін балалар осы жермен жүгіреді. Бұл арматураға біреу құлап кетуі мүмкін. Қазған соң жұмысты соңына дейін жасау керек қой. Барлығын сол қалпында тастап кетті», - дейді осы мектепке баласы баратын ата-ана.

Жұмысшылар қолданған жалғыз қауіпсіздік шарасы – арықтың периметрі бойынша қазықтар орнатып, қауіпті аймақты ескерту лентасымен қоршаған. Мектеп басшылығы бұл жөндеу туралы алдын ала хабарлап, келісім бергендерін айтады.

«Біздің мектеп аумағында жеке компания құбыр тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мектеп сайтында ата-аналарға хабарлама жасадық. Сондай-ақ оқу уақытында оқушыларға ескерту жасалды», - деп түсіндірді №103 мектеп директорының шаруашылық бөлімі бойынша орынбасары Мэлс Тұрмағанбетов.

«Қарағанды Су» компаниясында жұмысшылар бұл учаскеде жер жұмыстарын жүргізбегені туралы есеп берді. «Теплотранзит Қарағанды» компаниясында да жөндеу туралы ақпарат теріске шығарылды. Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері жеке компаниялардың ешқандай рұқсат алмағанын айтты.

Дегенмен, траншея қазған жауапты компания табылды.

«Элитинвест Групп» ЖШС ұйымы жұмыс өндірісіне қажетті құжат ресімдемей, жұмыстарды заңсыз жүргізген. Осы мәселе бойынша жақын арада әкімшілік полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505 және 631-баптары бойынша әкімшілік хаттама жасап, ол жерге баратын боламыз. Сондай-ақ материалдық акт жасалады, кейін сотқа талап-арыз беріледі», - деп түсіндірді Қарағанды қаласы ТКШ бөлімінің бас маманы Данияр Нұрғазин.


Соңғы жаңалықтар