Қарағандылықтар Головкин-Альварес айқасын көшедегі экрандардан көре алады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылықтар WBC, WBA және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің мексикалық Сауль Альвареспен реваншын қала көшелерінде орнатылатын LED-экрандардан көре алады. Бұл туралы облыс әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алып экрандар «Кеншілер» мәдениет сарайының, «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінің және Достық үйінің (Кеншілер даңғылы,64) алдындағы алаңдарда орнатылады. LED-экрандар тікелей эфирге жексенбі, 16 қыркүйек күні таңғы сағат 7.30-да қосылады.

Алдын ала болжам бойынша, Головкин мен Альварес рингке сағат 8.00 мен 8.30 аралығында шығады.

Сондай-ақ қазақстандықтар жекпе-жектің толық көрсетілімін QazSport және Qazaqstan телеарналарынан тамашалай алады.

Лас-Вегастағы T-Mobile аренада GGG-«Канело» айқасын қосқанда барлығы сегіз жекпе-жек жоспарланған. Оның ішінде Никарагуаның төрт салмақ бойынша бұрынғы әлем чемпионы Роман Гонсалес пен мексикандық Мойсес Фуэнтестің жекпе-жегі, орта салмақтағы IBF бұрынғы чемпионы канадалық Давид Лемье мен ирландық Гэри О'Салливананың, сондай-ақ бірінші орта салмақтағы WBO чемпионы мексикалық Хайме Мунгуйи мен канадалық Брэндон Куктың жекпе-жегі. Андеркарттағы кездесулер HBO және шетел телеарналарында (ақылы көрсетілім) 16 қыркүйекте Астана уақытымен таңғы 6:00-де басталады.

Айта кетейік, Геннадий Головкин бұл жарысқа өзінің барлық белбеулерін тігіп отыр. Сонымен қатар боксшылар The Ring чемпионы атағы мен WBC арнайы белбеуіне таласатын болады.

Еске салайық, қос боксшының алғашқы жекпе-жегі 2017 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен еді. Алайда төрешілер жеңімпазды анықтай алмай, айқас тең аяқталды.

 

Соңғы жаңалықтар