Қарағандылықтар дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына шағымданды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылықтар дәрі-дәрмектің күн сайын қымбаттауына шағымданды. Мәселен, дене қызуын басатын, бактерияға және қабынуға қарсы препараттардың бағасы шарықтағаны айтылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды тұрғындарының шағымына Фармацевтикалық бақылау департаментінде жауап берді. Мемлекеттік ведомство өкілдерінің айтуынша, фармакологиялық әртүрлі топтарға жататын препараттар бағасына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бөлшек саудадағы бағаға талдау жасау кезінде дәрі-дәрмектің басым бөлігі орташа 10% қымбаттағаны анықталды. Алайда, мамандар бұл Денсаулық сақтау министрі белгілеген шекті бағадан аспайтынын атап өтті.

«Меморандум аясында әртүрлі фармакологиялық топтарға, соның ішінде дене қызуын түсіретін, бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің 250 атауына тоқсан сайын мониторинг жасалады. Анықталғандай, дәрі-дәрмектің жекелеген түрлерінің бағасы қараша айының соңында көтеріліп, қайта төмендеген», - дейді дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың фармацевтикалық бақылау және баға мониторингі бөлімінің басшысы Дарья Росовская.

Мамандардың айтуынша, препараттардың бөлшек сауда бағасының өсуі – өндіру бағасының, тасымалдау шығындарының көлеміне байланысты. Биыл дәрі-дәрмектердің шекті бағадан асып кету дерегі тіркелмеген. Жіті респираторлы вирустық инфекциялармен сырқаттанудың маусымдық кезеңінде де вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін препараттар құнының күрт қымбаттауы байқалмаған.

«Биыл шекті бағалар бойынша талапты бұзу фактілері анықталған жоқ. Басқарма азаматтардың нақты өтініштері бойынша ғана шара қолдануға құқылы. Бұл электронды үкімет порталы немесе E-өтініш арқылы, бөлімге жазбаша түрде хабарласу арқылы жүзеге асырылады», - дейді Дарья Росовская.

Дегенмен, мамандар дәріханалар бағаны бейресми түрде көтеруі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Сондықтан мұндай жағдайда тұрғындарды заң бұзушылықты дер кезінде түзеу үшін департаментке хабарласуын сұрайды.


Соңғы жаңалықтар