Қарағандылық жастарға бюджеттен жеңілдетілген несие беріледі

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жастар бастамаларына бюджеттен кредит беру іске асырыла бастайды. Өңір кәсіпкерлерін қолдау үшін жалпы сомасы 1 млрд 620 млн теңгеге 324 несие бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа бағдарламаның бастамашысы – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Бюджеттен несие беруді Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыс әкімдігі бақылайтын болады. Несиелер Аграрлық несие корпорациясы арқылы беріледі.

Жеңілдетілген несие 35 жасқа дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар жастарға қолжетімді. Кепілдік мүліктің болуы міндетті. Бұл ретте бизнеспен кез келген салада айналысуға болады.

Несие 5 жылға, жылдық 2,5% беріледі. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобаларға несие беру мерзімі – 7 жылға дейін.

«Құжаттар мен бизнес-жоспарды үміткерлер Аграрлық несие корпорациясына ұсынуы тиіс. Бұл несиеге қызығушылық танытқандар көп болады деп күтеміз. Әр кандидаттың мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыратын арнайы комиссия құрылады. Қажеттілік бойынша белгілі бір саланың сарапшыларын шақырамыз», – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Бүкіл ел бойынша бюджеттік несиелеуді іске қосу наурыз айына жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар