Қарағандылық жастар қазақтың қолөнерімен танысты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Спорт және қолөнер күні аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қолөнер шеберлерінің көмегімен бір мезгілде бес шеберлік сабағын өткізді. Олардың барлығы қазақтың дәстүрлі қолөнеріне арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда дәстүр мен әдет-ғұрыпты жандандырып қана қоймай, өскелең ұрпақты халық мәдениетінің құндылықтарына тарту маңызды. Наурыз мейрамы осы үрдіске себеп болды.

«Кез келген мемлекет үшін және әрбір адам үшін халықтың тарихы үлкен маңызға ие. Жаһандану дәуірінде ата-бабаларымыздың көптеген салт-дәстүрі ұмытылды. Енді біз тарихымыздың осы маңызды құрамдас бөліктерін біртіндеп қалпына келтірудеміз. Соңғы уақытта жастардың ата-бабаларына, бұрынғы тұрмыс-тіршілікке қызығушылық танытатыны қуантады», - деп атап өтті Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта шебер Ғайниден Әбдірахманов оқушыларды былғарымен жұмыс істеудің қыр-сырымен таныстырды.

Қ.Сәтбаев атындағы гимназия оқушыларына оюлы сырмақ істеу және жалпы киіз басу туралы қолөнер шебері Қамаш Төлеубаева айтып берді.

Сән колледжінде шебер Жанна Қосубаевадан студенттер тері ісі және таксодермия туралы көптеген қызықты ақпарат алды.

Шебер Қаршыға Жұмабекова гуманитарлық колледж оқушыларымен қыш ыдыс жасау құпиясымен бөлісті.

Е.Бөкетов атындағы Қарарағанды университетінің тарих факультеті студенттеріне құрақ көрпе тігуден Қымбат Иманқұлова мен Айша Үдерова шеберлік сабағын өткізді.

«Мен осындай шеберлік сабағына алғаш рет келіп отырмын. Шебердің жұмысын бақылау қызықты болды. Мысалы, мен көптеген бұйымдар әлі күнге дейін ескі дәстүр бойынша қолмен жасалатынын ұмытып кеттім. Мұндай шеберлік сабақтары өткенімізді, рухани және материалдық мәдениетімізді есте сақтау үшін қажет деп санаймын», - деді гуманитарлық колледж студенті София Вербич.


Соңғы жаңалықтар