Қарағандылық волонтерлер «Аяз ата бол!» акциясын бастады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық «Дари добро!» еріктілер қозғалысы жыл сайынғы «Аяз ата бол!» акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жыл барлығы үшін қиын болды, сондықтан волонтерлер жаңа жыл шын мәнінде сиқырлы мерекеге айналғанын қалайды.

«Ата-аналардың материалдық жағдайына қарамастан, балалардың армандары орындалуы керек. Сондықтан біз жыл сайын балаларды тәттілермен және сыйлықтармен қуантамыз», - дейді «Дари добро!» еріктілер қозғалысының жеткшісі Виктория Полякова.

Бұл топ 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде еріктілер қарағандылықтарға ғана емес, өзгелерге де бірнеше рет көмекке келді. Олар Қазақстанның барлық мұқтаж тұрғындарына көмек қолын созды. Қозғалыс құрамында қиын жағдайда қолдау көрсетуге дайын 26 адам бар.

«Біз көптеген адамға көмектестік. Алғашқы жылдары балаларды мектепке жинап, кеңсе заттарын сатып алдық. Екінші қабаттан құлап, өз өмірі үшін ұзақ уақыт күрескен өскемендік кішкентай балаға көмектестік. Қазір бала 6 жаста, 1-ші сыныпқа барады. Бүгінде ол жадыраңқы және өмірден ләззат алатын көңілді бала. Бірнеше рет өрт сөндірушілерге қол ұшымызды создық. Жиындарды ұйымдастырып, құрылыс материалдарын, тұрмыстық техниканы және тағы басқасын әкелдік», - дейді Виктория Полякова.

Өткен жылы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан көптеген баланың жаңажылдық тілектерін жүзеге асыру мүмкін болды. Мүгедек балаларға телефондар мен планшеттер сатып алынды. Ертеңгілік ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Бірде-бір бала сыйлықсыз қалған жоқ.

«Біздің бір демеушіміз кейбір отбасларын өз қамқорлығына алды. Ол үшінші жыл қатарынан айына бір рет азық-түлік себетін алып келеді. Бізде бұрыннан олардың қалай өмір сүретінін білетін отбасылардың тізімі бар. Өткен жылы аниматор шақырып, үлкен шырша сатып алдық. Өкінішке орай, бүгінгі жағдайда бұл мүмкін емес. Бірақ біз Аяз атаға барлық өтініштерді міндетті түрде жолдап, оны орындаймыз», - дейді Виктория Полякова.

Ал балалардың арманы әдетте қарапайым. Ұлдар Жаңа жылға машиналар мен құрастырғыштар, ал қыздар LoL қуыршақтарын қалайды. Бүгінде Виктория Поляковада балдырғандардан келген 100 конверт бар.

«Балаларды көбірек қамтуға болар еді. Бірақ қазір – қиын кезең, сондықтан біз негізінен өз күшімізге сенуіміз керек. Әр бала ғажайыпқа үміттенеді, біз ол үмітті жерге тастамауға тырысамыз. Және де біз кез-келген көмекке қуаныштымыз», - дейді Виктория.

Кез келген ниет білдіруші «Аяз ата бол!» қайырымдылық жобасына қатыса алады. Ең бастысы - баланың арманын орындауға ниеті болуы тиіс. Аяз атаның жаңа жылдық сөмкесіне ойыншықтар, білім беру ойындары, шығармашылық жиынтықтар, кітаптар және тағы басқалар қабылданады. Науқан туралы толық ақпаратты +7-707-137-27-75 телефоны арқылы алуға болады.


Соңғы жаңалықтар