Қарағандылық ұлттық-мәдени орталықтар Тілдер күнін атап өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Тілдер күніне арналған «Тіл татулық тірегі» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткен шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған балалар мен ересектер мемлекеттік тілді қаншалықты жақсы меңгергендерін көрсетті.
Бұл ретте әсіресе корей және неміс орталықтарының кішкентай қатысушылары ерекшеленді. «Қазақтай ел қайда» әнін орындаған Тимур Тенге көрермендер қауымы ду қол шапалақтап, өнеріне тәнті болды. Ал «Рідне слово» украиндық орталығының мүшесі Оксана Менделюк сахнаға шығып, «Көзімнің қарасы» әнін орындады. «Ахыска» түрік орталығының өкілі Зарина Сафарова Бұқар жырау Қалқаманұлының «Биік тауға жарасар» атты өлеңін оқып берді. Сондай-ақ ұлы жазушымыз Абайдың өлеңдерін түрлі этностардың өкілдері мәнерлеп орындады.
- Біздің күшіміз - бірлігімізде. Әрбір азамат өз мемлекетінің патриоты болып, мемлекеттік тілді білуі тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында ел бірлігі оның сан алуандығында екенін, және де тіл үлкен саясаттың құралы болып табылатынын есте сақтау керек екенімізді атап өтті, - дейді Қарағанды облысы ҚХА Жастар үйлестіру кеңесінің және «Полония» мәдениет орталығының мүшесі Виктория Сосновская.
Этномәдени бірлестіктер сонымен қатар ұлттық бұйымдар көрмесін ұйымдастырды.
Фестиваль барысында «Тілге құрмет-Елге құрмет» интернет-акциясына және #Абай175 әдеби челленджіне қатысушылар марапатталды.





Соңғы жаңалықтар